Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-ның өзен-көлдерінде су деңгейі көтеріліп жатыр

2021 жылдың 11 сәуір 2021 15:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Тоқсан би ауылының маңындағы Есіл өзенінде су деңгейі бір тәулікте 106 см-ге дейін көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өңірдің су қоймаларында мұз үстінен су кетіп, мұз жамылғысы бұзыла бастады.

Иманбұрлық, Ақанбұрлық, Мұқыр, Шарық, Қамысақты секілді шағын өзендерде су деңгейі күннен-күнге көтеріліп келеді. Бір тәулікте 2 - 119 см дейін өзгерген. Мәселен, Ковыльное елдімекені маңындағы Ақанбұрлық өзеніндегі гидропостта су деңгейі 86 см көтерілген. Ал, Андреевка елдімекені маңындағы Шарық өзенінде керісінше, су деңгейі 129 см дейін түскен.

Есіл өзенінде де жағдай тұрақсыз. Бір тәулікте су деңгейі 2 - 106 см өзгерген. Тоқсан би ауылының маңындағы Есіл өзенінде су 106 см дейін көтерілген. Өзен алқаптардан аққан қар суымен толығып жатыр.

Сергеев су қоймасында су көлемі 9 см артып, 718 см жетті. Қазір 87% толған. Ернеуінен асып төгілу үшін 82 см жетпейді.

Корнеевка елдімекені маңындағы Үлкен Тораңғұл көліндегі гидропостта су деңгейі өзгеріссіз – 321 см аспаған. Мұз қалыңдығы 105 см шамасында.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ауа температурасы жоғарылай береді. Яғни қар қарқынды еріп, өзен-көлдердің суы молаймақ.

Қазір СҚО-да өзен-көлдердің су деңгейі 19 гидропост арқылы бақылауға алынған. Олардың 16-сы Есіл өзені мен оның салаларында, 2-еуі Сергеев және Петропавл су қоймаларында, 1-еуі Үлкен Тораңғұл көлінде орналасқан.

Жоғары қарай