Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО тұрғындарында 12 мыңнан астам қару бар

2021 жылдың 11 қыркүйек 2021 18:26

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарында тіркелген 12 145 қару бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде қазіргі уақытта 7172 азаматтық қару иесі бар. Оларда барлығы 12 145 қар болса, оның 1033 ойық ұңғылы қару.

Қару иелері үнемі полицейлердің назарында. Жазатайым оқиғаларға жол бермеу, сондай-ақ қаруды ұрлауды және оны одан әрі қылмыстық мақсатта пайдалануды азайту мақсатында тәртіп сақшылары қарудың дұрыс сақталуын тексереді. Жыл басынан СҚО-да үш рет «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Жақында төртіншісі ұйымдастырылады. Олар қауіпсіз сақтау шарттарын бұзу фактілерін және тіркелмеген қаруды анықтауға бағытталған.

«Қару мен оқ-дәрілерді белгілі талаптарға сәйкес дұрыс бекітілген сейфтерде сақтау қажет. Қала мәртебесі берілген елді мекендерде тұратын қару иелері дабылқаққыш орнатуға міндетті. Сейфте қарумен бірге бөгде заттарды: құнды заттар, ақша немесе құжаттар, қаруға берілген құжаттар және тағы басқаларды сақтауға тыйым салынғанын еске саламыз. Жыл басынан сақтау қағидаларын бұзғаны үшін СҚО-да 493 адам жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, әр бес жыл сайын қаруды қайта тіркеу қажеттігін иелері ұмытып жатады. Осындай 172 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мәдиев.

Жыл басынан облыста тіркелмеген тегіс ұңғылы 46 қару тәркіленді. Бұл құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Ал ойық ұңғылы қаруды заңсыз сақтау қылмыстық заңнамамен жазаланады. Тіркелмеген қаруды ерікті тапсырған жағдайда жауапкершілікке тартылмайды. Биыл солтүстікқазақстандықтар ерікті түрде полицияға 7 қару тапсырды.


Жоғары қарай