Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Славян базары» байқауына қазақстандық әнші Рухия Байдүкен қатысады

2021 жылдың 30 мамыр 2021 18:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 14-19 шілде күндері Беларусьтің Витебск қаласында «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі өтеді. Биыл байқауға Қазақстан атынан жас әнші Рухия Байдүкен қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рухия Байдүкен 1998 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Ол Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Эстрада және вокал» мамандығында оқиды. Оның дауысы төрт жарым октаваға жетеді.

«Мен өнерге бала кезімнен құштармын, отбасымда Байдүкен атам өнерге жақын болды. 4 сыныптан бастап Талдықорған қаласындағы Өнер мектебінде вокал сыныбында білім алдым. Қазір вокалдан сабақ беремін және менің оқушыларым – бір-біріне ұқсамайтын жеке тұлғалар. Оның арасында 5 жасар бала да бар, 30-дан асқан ересектер де бар. 22 жасымда ұстаздықты бірге алып жүру – үлкен міндет деп ойлаймын. Оның барлығы адамның өсуіне көмектеседі», - дейді жас әнші ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Рухия Байдүкен «Славян базары» байқауына дайындықтың қалай жүріп жатқанын айтып берді.




«Іріктеу Алматыда Т. Жүргенов академиясында өтті. Қазылар алқасында еліміздің бетке ұстар өнер тұлғалары болды. Дайындық ақырындап жүріп жатыр. Менде продюсер мен менеджер жоқ болғандықтан, қиындықтары да бар, әрине. Бірақ күнделікті дайындығымды жасап жүрмін. Еліміздің абыройын 74 мемлекеттің арасында қорғау өте маңызды. Байқаудың бірінші кезеңінде әлемдік хит «Emotions» әнін орындаймын, екінші кезеңдегі ән славян тілінде болуы тиіс, онда украин тіліндегі «Зозуля» әнін таңдадық. Екеуі де – дауысыма сіңген әндер. Костюм мәселесін Әсет Таймановқа сеніп тапсырдым, оның өте сапалы жұмыс істейтінін білемін және менің не қалайтынымды ұға алады», - дейді Р. Байдүкен.

Сонымен бірге әнші «Славян базарының» ұлттық іріктеуіне 3 жыл қатарынан қатысқанын айтты және оған танымал әнші Димаш Құдайберген ақыл-кеңес берген.

«Үшінші талпыныста ғана бағым жанды деуге болады. Биылғы іріктеуге қатысу менің жоспарымда болмаған. Оған қатысуыма Димаш Құдайбергенов себепкер болды. Ол ағалық ақыл-кеңестерін айтып, қайта қатысып көруді ұсынды. Жалпы, Димаш ағама алғысым шексіз! Ол – өнер әлеміндегі алғашқы қолдаушыларымның бірі», - дейді Р. Байдүкен.




Айта кетейік, «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлде иеленген еді.


Жоғары қарай