Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Солтүстік Қазақстанда алдағы 5 жылда қандай жаңа нысандар іске қосылады

2021 жылдың 30 наурыз 2021 12:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысынды дамытуға арналған кешенді жоспарда қаражаттың басым бөлігі экономика саласына бағытталады. Бұл туралы Үкімет отырысында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әкімдік министрліктермен бірлесіп, 2026 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспарды жасады. 5 жылда 1,8 трлн теңгеге 87 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Қаражаттың 70 пайызы – жеке инвестиция. Бюджеттің 65 пайызы экономиканы одан әрі дамытуға жұмсалады», - деді өңір әкімі.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіпте 52 сүт фермасы, 6 бордақылау алаңы, 2 кұс фабрикасы, өңдеу кәсіпорындары және жылыжай салынады.

Өнеркәсіпте тау-кен байыту комбинаттары салынып, 10 жаңа басым жоба іске асырылады.

«Облыста жолдар жөнделіп, 98 пайызы сапалы болмақ. 2,3 млн шаршы метр баспана саламыз, оның 500 мыңы – әлеуметтік топтарға. Бюджеттің 35 пайызы денсаулық сақтау және білім салаларына бағытталады. Осының арқасында жаңа нысандар салынып, материалдық-техникалық базасы жаңарады», - деді Қ. Ақсақалов.

Жоспарды орындау нәтижесінде 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімі 400 млрд теңгеге, өңдеу секторы 67 пайызға дейін өседі.

«Шағын және орта бизнес есебінен бюджет түсімі 30 пайызға өсіп, жалпы өңірлік өнімдегі бизнес үлесі 35,3 пайызға дейін жетпек.

26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл еңбек нарығында тұрақтылықты сақтауға және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Кешенді жоспардың арқасында жаңа өндірістер экономикаға серпін беріп, халықтың әл-ауқаты жақсарады», - деді әкім.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.

Премьер-Министр Асқар Мамин кешенді жоспары өңірдің инфрақұрылымын жақсартатынын атап өтті.



Жоғары қарай