Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Солтүстік Қазақстанда үш күнде 33 мас жүргізуші ұсталды

2020 жылдың 27 қыркүйек 2020 01:25

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күнінде көлікті мас күйде басқарған 33 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22-24 қыркүйек аралығында республика жолдарында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.

Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада кешкі рейд барысында учаскелік полиция инспекторлары LADA Priora автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде 53 жастағы жүргізушінің көлікті мас күйде басқарғаны анықталды.

Медициналық куәландыру қорытындысы да оның спирттік ішімдік ішкенін растады. Ауыл тұрғынына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді. Енді көлікті мас күйде басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, «Қауіпсіз жол» іс-шарасының басты мақсаты – жол жүрісі ережелерін өрескел бұзудың алдын алу. Үш күндік жедел-профилактикалық іс-шараға 400 полицей қатысты. 143 автопатруль жұмылдырылып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға бекеттер қойылды.

Нәтижесінде облыс бойынша Жол жүрісі ережелерін бұзудың 1 599 дерегі анықталды. Оның ішінде, 33 – көлік құралын мас күйде басқару, 162 – жылдамдықты асыру, 145 – көлікті басқару кезінде телефонмен сөйлесу, 189 – қауіпсіздік белдігін тақпау, сондай-ақ 220 – жаяу жүргіншілер тарапынан болған бұзушылықтар.

Жыл басынан облыс жолдарында 700-ге жуық мас жүргізуші ұсталды. Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 30 мыңнан астам дерегі тіркелді.

Жалпы 8 айда СҚО жолдарында 110 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 17 адам қайтыс болып, 150-і жарақат алған.


Жоғары қарай