Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Солтүстік Македониямен арадағы келісімдер азаматтар құқықтарын қамтамасыз етеді - Әшімбаев

2021 жылдың 22 сәуір 2021 11:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында іздеуде жүрген адамдарды бір-біріне ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы Солтүстік Македониямен арадағы Шарттар топтамасы қаралды. Осыған байланысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаторлар құқықтық көмек туралы мұндай келісімдер шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау үшін маңызды екенін атап өтті.

«Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Олар қылмыскерлерді жауапкершілікке тартудың әртүрлі кезеңдерін қамтиды және қылмыспен күресті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Соған сәйкес, қылмыстарды тергеу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадициялау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарастырылған. Бұл құжаттар заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Қазақстанның құқық қорғау қызметтерінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда екі ел арасында беруге жататын азаматтар жоқ. Осы ретте еліміз бүгінге дейін 30-ға жуық мемлекетпен осындай шарт жасасқанын айта кеткен жөн. Ал қазіргі таңда шет елдерде 922 қазақстандық жазасын өтеп жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» , сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасының арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңдары қабылданды.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: Сенат, Заң, Адам құқығы,
Жоғары қарай