Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Соңғы күндері астанада көпқабатты үйлердің терезесінен үш бала құлады

2021 жылдың 26 шілде 2021 13:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы күндері астанада көпқабатты үйлердің терезесінен үш бала құлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

25 шілде күні сағат 17:39-да төрт жасар бала Күмісбеков көшесіндегі күтушісінің үйінде үстел арқылы терезеге мініп, 5-қабаттан автокөлікке құлады. Күтуші бұл кезде үйінде ұйықтап жатқан. Бала түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Анасының баласын күтушіге қалдырып, Бурабайға қыдыруға кеткені анықталды.

Сол күні сағат 19:30-да 6 жасар қыз бала Қосшығұлұлы көшесіндегі үйінде терезеге мініп, 2-қабаттан жертөленің күнқағарына құлаған. Әкесі бұл уақытта далада жүрген.

26 шілде күні полицияның аудандық бөліміне ауруханадан 5 жасар бала түскені туралы хабар түседі. Тексеру барысында түнгі сағат 01:00 шамасында қыз баланың С. Кубрин көшесіндегі үйдің 3-қабатынан құлағаны анықталды. Бала түрлі жарақаттармен жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Ата-анасы оқиға болған кезде үйде болған. Бала өз бөлмесіндегі ашық қалдырылған терезеден құлаған.

Полицияның айтуынша, жылдың басынан бері астанада 18 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, бір бала мерт болған.

Полицейлер ересектерді негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Балаларды қараусыз қалдырмау керек және оларды ашық терезелердің жанында ойнатпау керек. Антимоскиттік тордың шын мәнінде қорғамайтынын есте сақтаңыз. Терезе тұтқаларын алып тастаңыз немесе арнайы құлпы бар тұтқаларды қолданыңыз. Бекіткіштер орнатыңыз.

Балаңыздың өмірі мен денсаулығы өз қолыңызда екенін естен шығармаңыз!


Басты сөздер: Оқиға, Қоғам, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай