Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Соңғы олимпиадамды сәтті өткізгім келді: Ольга Рыпакова жанкүйерлеріне алғыс айтты

2021 жылдың 30 шілде 2021 20:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Лондон - 2012 Олимпиадасының чемпионы, Бейжің-2008 және Рио-2016 Олимпиада ойындарының жүлдегері Ольга Рыпакова баспасөз мәслихатын өткізіп, жанкүйерлеріне алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық жанкүйерлерге, қазақстандықтарға қолдау көрсеткендеріңіз үшін, әлеуметтік желіде жазған жылы сөздеріңіз үшін, қоңырау шалғандарыңыз үшін рахмет айтқым келеді. Жан тебірентетін тілектер мен қолдау болды. Осы төрт Олимпиада бойы әрқашан менімен бірге болдыңыздар, қолдадыңыздар. Мен үшін бұл өте маңызды», - деді Олимпиада чемпионы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Спортшының айтуынша, көңіл-күйі мен жалпы жағдайы жақсы болған.

«Мен бұрынғыдай толық ойын көрсетуге дайын болдым. Не нәрсе дұрыс шықпағанын білмеймін. Өзім де толық түсінбедім. Жаңа ғана стадионнан келдім, әлі жаттықтырушымен әңгімелесіп, талдау жасамадық. Әрине, өзімнің соңғы олимпиадамды сәтті өткізгім келді, жанкүйерлерімді тағы да қуантқым келді. Жеңіс тұғырына шығып, қуаныш сезімін сыйлағым келді. Бірақ бұл әрдайым бола бермейді. Ауа райы керемет, жағдайымыз да жақсы, бірақ бір нәрсе болмай қалды. Қателіктерді қараймыз және талқыға саламыз», - деді жеңіл атлет.

Ольга Рыпакова алдыңғы және осы Олимпиадалар арасында айырмашылық сезілгенін атап өтті.

«Мұнда көрермендердің жоқтығын айтамын. Жарыс кезінде еш көрермен болмады. Бұл да сезіледі екен. Жанкүйерлерге және Олимпиаданың ұйымдастыру комитетіне тағы да ризашылығымды білдіргім келеді, олар қиын жағдайда да Олимпиада ойындарын өткізді. Олар үлкен алғыс пен құрметке лайық», - деді Ольга Рыпакова.

Фото: Данияр Майлыбаев, ҰОК
Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Олимпиада, Спорт,
Жоғары қарай