Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Студенттердің шәкіртақысын өсіруге қанша қаржы бөлінеді

2019 жылдың 10 желтоқсан 2019 21:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келер жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы 25%-ға көтеріледі. Осы орайда аталған тапсырманың қалай жүзеге асырылатыны туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Студенттердің шәкіртақысын көтеруге республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. 1 қаңтардан бастап бакалавриат, магистратура және докторантурада оқып жатқан барлық студенттердің шәкіртақысы 25% өседі. Бұл Президенттің тапсырмасы және ол өз уақытында орындалады. Енді ол үшін қанша қаражат керек деген сұрақ туындайды. Бір жылды алып қарасақ, ЖОО студенттеріне 13 млрд теңге қаржы қажет. Ал оған колледж студенттерін қоссақ тағы 5-6 млрд теңге керек. Иә, нәтижесінде айтарлықтай сома, дегенмен бұл маңызды шешім. 2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы көтерілген, олар бұл жаңалықты көп күтті. Біздің студенттер үшін бұл үлкен қолдау болып табылады», - деді А. Аймағамбетов министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, барлық санатқа жататын студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өседі.

«Шәкіртақы көлемі барлық студенттер үшін көтерілетін болады. Өздеріңіз білетіндей, бізде жоғары дәрежелі шәкіртақы алатын студенттер бар. Одан бөлек, мүгедектігі бар, асыраушысынан айырылған жандар бар. Яғни 25 пайыз барлық студенттерге қатысты», - деді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада өткен жастар жылының жабылу салтанаты мен волонтер жылының ресми ашылуы салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көтеруді тапсырды.

Жоғары қарай