Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте - ІІМ басшысы

2020 жылдың 25 ақпан 2020 09:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев су тасу қаупі бар елдімекендерден халықты қауіпсіз жерге көшіру бойынша жоспарлы жұмыстың орындалмай жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, әзірге су тасқынына толық әзірлік туралы айтуға әлі ерте. Су қорғау аймақтары шегінде орналасқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз учаскелерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар орындалмай жатыр. Қазір осы жұмыс тек Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында жүргізілуде. Ақтөбе облысында енді басталды. Мұндай жерлерде 170 700 құрылыс нысаны мен тұрғын үй орналасқан», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, құрылыс нысандары мен тұрғын үйлердің көбі Алматы қаласында (81 148), ШҚО (47 823), БҚО (21 008), Ақмола (5 693), Қызылорда (4 929) облыстарында орналасқан.

«Бұл өте шығыны көп іс-шара екені сөзсіз, алайда жұмыс істелмесе, салдары бұдан да ауқымды болуы мүмкін. Сондай-ақ, 2019 жылы жоспарланған 91 іс-шараның 36-сы іске асырылмай қалды. Оның ішінде жағаны бекіту (3), су өткізгіш құбырларды салу (3), су қоймасын жөндеу (1), жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу (28) жұмыстары бар. Осының салдарына 16 мыңнан астам тұрғыны бар 33 елді мекенді су басу қаупі бар. Атап айтқанда ол елдімекендер Ақтөбе (3), Атырау (1), Шығыс Қазақстан (7), Жамбыл (2), Батыс Қазақстан (3), Қостанай (3), Маңғыстау (2), Павлодар (1) және Түркістан (11) облыстарында», - деді ол.



Жоғары қарай