Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сүндет Байғожин «Астана Операның» жетекші солисі қызметінен кетті

2020 жылдың 27 қаңтар 2020 21:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана Опера» жетекші солиспен қош айтысты. Сүндет Байғожин енді «Астана Опера» театрының жетекші солисі емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

27 қаңтардан бастап «Астана Опера» мен жетекші солис арасындағы еңбек келісімшарты Қазақстан Республикасы еңбек кодексінің 50-бабы бойынша бұзылды.

- Вокалиспен еңбек шартын бұзу туралы шешім қабылданды, себебі бірлескен қызмет тиімді емес, - деп атап өтті «Астана Опера».

Еске сала кетейік, ҚР ЕК 50-бабы жұмыскерге еңбек шартымен мөлшері анықталатын өтемақы төлеумен тараптардың келісімі бойынша шартты бұзуды көздейді.

Сүндет Байғожин 2013 жылдан бастап осы уақытқа дейін театрда жетекші солист лауазымын атқарды.

Өзінің театрлық мансабын ол 2007 жылы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солисі болып бастады.

- Әнші театрдың труппасымен бірге бірнеше рет гастрольдік турларға шығып, репертуарлық спектакльдерде басты партияларды орындады. «Астана Опера» ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожинге барлық бастамаларына табыс, жоспарларының жүзеге асуы мен шығармашылық өрлеу тілейді, - деді «Астана Опера» әкімшілігі.

Еліміздің басты театрының опера труппасының құрамында қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, аты аңызға айналған Ла Скала театрында тағылымдамадан өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина мен Жұпар Ғабдуллина; Большая Опера-2017 телевизиялық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова, итальяндық көрерменнің көзайымы Медет Чотабаев, Жанат Шыбықбаев және т.б. өнер майталмандары бар екенін атап өткен жөн.

Әртістердің барлығы жұмысқа қабылданар алдында конкурстық іріктеуден өтеді әрі үнемі халықаралық әділ қазылар алдында өз біліктіліктерін растайды. Осылайша, 2020 жылы солистер кезекті рет аттестаттаудан өтеді.

- Шығармашылық ұжым табиғи тас тәрізді, жыл өткен сайын жетіліп, нағыз асыл тасқа айнала отырып, шыңдалады. Біз барлық қырынан дарынды адамдармен ынтымақтастықта жұмыс жасаймыз. Әртістерімізбен шеберлік сабақтарын өткізу үшін түрлі елдерден, еліміздің әр қиырынан хас шеберлер, коучтар келеді. Бұл – театрымызға деген қызығушылықтың көрсеткіші, - деп атап өтті «Астана Опера» МОБТ басшылығы.


Жоғары қарай