Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік тілді қолдануда алдыңғы шептен көрінуі тиіс - Ерлан Әлімбаев

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 17:57

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік тіл комиссиясы құрылды. Бұл туралы «Елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы және Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік тілді ұлықтау шаралары» атты дөңгелек үстел отырысында аталған ведомствода министрдің орынбасары Ерлан Әлімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары мемлекет басшылығының қолдауымен елімізде мемлекеттік тілді қолдану саласында біраз ілгерлеушіліктер болып жатыр. Мемлекеттік тіл төңірегіндегі түйткілді мәселелер халық арасында, әлеуметтік желілерде толассыз талқылануда. Осы орайда, ел арасында тілге тиек болып жатқан мәселелердің билікке жетуі және жергілікті атқарушы органдардың оған лайықты әрекет жасауы – уақыт талабы. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік тілді қолдану саласында алдыңғы шептен көрінуі тиіс орган. Себебі, халықаралық іс-шаралардың негізгі ұйытқысы ретінде біздің министрлік – мемлекет айнасы. Сондықтан министрлік пен елшіліктеріміздің қызметкерлері күнделікті өмірде және қызмет барысында мемлекеттік тілді қолдануы шетелдіктер алдындағы беделімізді көтеруге септігін тигізеді», - деді Ерлан Әлімбаев.

Оның айтуынша, министрлік басшылығы тіл саясаты саласындағы жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, шешуші қадамдар жасауда.

«Атап айтқанда, министрдің 2021 жылғы 25 қаңтардағы бұйрығымен Мемлекеттік тіл саясаты басқармасы дербес бөлімше болып құрылып, министрдің бірінші орынбасарына тікелей бағынатын құрылымға айналды. Тілді қолдану саласындағы жұмыстарды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік тіл комиссиясы құрылды», - деді ол.

Бұл комиссияның міндеттеріне министрлікте мемлекеттік тіл саясатын күшейту үшін ұсыныстар әзірлеу, дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік тілді білуін жетілдіру кіреді.

«Тіл комиссиясы дипломатиялық қызмет персоналының мемлекеттік тілді білуін жетілдіру үшін «Қазтест» нәтижелерін ескере отырып, жылына 2 рет бағалау жүргізеді. Аталған шаралар министрлікте атқарылған негізгі істердің нақты мысалы ғана. Әлі де қолға алатын, атқаратын істер жетерлік», - деді Е. Әлімбаев.


Автор Руслан Ғаббасов
Басты сөздер: ҚР СІМ, Тіл,
Жоғары қарай