Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тағы бір қазақстандық вакцина клиникалық сынақтан өте бастады

2021 жылдың 15 маусым 2021 19:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханада 18-50 жас аралығындағы еріктілердің қатысуымен QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық сынағы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ресми сайты жазды.

«Денсаулық сақтау министрлігі SARS-CoV-2 вирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде жасалған QazCoVac-P суббірлікті вакцинасын I және II фазада клиникалық зерттеу жүргізуге рұқсат берді. Бұл - БҚПҒЗИ-дың Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен екінші вакцинасы» деп жазылған ресми ақпаратта.

Сайттың жазуынша, вакцина жасауға қатысқан мамандар молекулалық биологияның заманауи технологияларын пайдалана отырып, SARS-CoV-2 вирусының RBD және N ақуыздары шығаратын иммундық жүйеге таныс бактериялардың штамдарын алған.

Вакцинаның адам ағзасына түскенде кері әсері болмас үшін алынған ақуыздар күрделі тәсілдермен тазартылып, сапа бақылауынан өткен көрінеді.

Яғни, вакцина құрамында бактериялық штамм болғанымен, вирустың өзі жоқ.

«Вакцина егілген зертхана жануарларының бұлшықетіне екінші дозаны енгізгеннен кейін иммунитетті 14 тәулікке ынталандырады. Суббірлікті вакциналар да инактивті вакцина сияқты, құрамында тірі патогенді компонент жоқ және өте қауіпсіз. Вакцинаның құрамындағы адъювант вакцинацияланушының ағзасына теріс әсер етпей, иммундық жауапты тиімді ынталандырады. Бұл вакцинаның құрамына тек қажетті антигендер кіреді және вирустың басқа компоненттері кірмейді. Осының арқасныда жанама әсерлер аз кездеседі. Мысалы, тұмауға, В гепатиті мен пневмококк, менингококк және гемофильді инфекцияларға қарсы осы типтегі вакциналар егіледі» деп жазады институт сайты.


Жоғары қарай