Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Талдықорғанда 18 ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 21 жастағы тұрғын ұсталды

2020 жылдың 14 ақпан 2020 22:37

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда полицейлер жеке үйлерден өзгенің мүлкін ұрлауды кәсіп қылған күдіктіні қолға түсірді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылғы қазан айынан бастап облыс орталығы мен жақын орналасқан елді мекендерде жеке сектордағы бірқатар ұрлық дерегі тіркелген. Қылмыс жасау тәсілі мен оқиға орнынан ортақ белгілердің бар екені анықталып, бір адам жасауы мүмкін деген болжам қарастырылды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген қалалық полицияның Батыс бөлімшесінің жедел уәкілдері 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұрлықтың 18 дерегіне қатысы бар деген күдікпен ұстады. Тіркелген барлық ұрлық деректері үй иелері болмаған кезде, яғни күндізгі уақытта пластикалық терезелерді бұзу әдісімен жасалған. Күдікті зергерлік бұйымдарды, ақша, теледидарлар, ноутбуктер, телефондар, сағаттар және басқа да бағалы мүліктерді ұрлаған. Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын мөлшері 3 миллион 700 мың теңгені құрайды.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі»,- деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.


Жоғары қарай