Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Талдықорғанда синтетикалық есірткі сатумен айналысқан күдіктілер ұсталды

2020 жылдың 11 қараша 2020 15:57

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері синтетикалық есірткі саудасымен айналысқан топты ұстады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы облысы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысқан бір топ адамды ұстады.

«Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу жүргізді. Оның барысында бес адамнан құралған топ анықталды. Олардың барлығы — Талдықорған қаласының 24-28 жас аралығындағы тұрғындары. Күдіктілер ұзақ уақыт бойы интернет желісі, Телеграмм месенджері арқылы синтетикалық есірткілерді заңсыз таратумен айналысқан. Олар есірткі заттарын жасырын орындар арқылы таратқан»,- деді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.

Күдіктілердің бірінің пәтерін санкцияланған тінту барысында ішінде қоңыр түсті өсімдік заты бар, сатуға дайындалған 250 орам алынды. Сонымен қатар, ақ түсті ұнтақ зат және жасыл түсті өсімдік заты бар екі полиэтилен пакет табылды. Барлық алынған заттар бойынша сараптама тағайындалды.

«Бүгінгі күні күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 297-бабының 1, 3-бөліктері бойынша қылмыстық іс қозғалды, яғни есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу. Барлық күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды»,-деп толықтырды полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.


Жоғары қарай