Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Талғардағы балабақшада қайтыс болған баланың өлімі жайлы қосымша деректер пайда болды

2021 жылдың 29 қараша 2021 13:30

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Талғар қаласында жекеменшік балабақшада болған бүлдіршіннің өлімі туралы кейбір деректер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға «Талғар-Нұрәлі» ЖШС тиесілі «Бүлдіршін» балабақшасында орын алған.

Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, 26 қарашада сағат 15.20 шамасында бала түскі астан кейінгі ұйқыдан оянбаған. Қызметкерлер бірден жедел-жәрдем шақыртып, баланың ата-анасына хабар берген.

«Жедел шақыртуға шыққан жедел-жәрдем қызмет бригадасы баланың ата-анасын балабақшаның кіреберісінде кездестірді. Өйткені, балабақша қасында тұратын ата-ана баланы бақшадан алып, жедел-жәрдемнің алдынан шыққан»,- делінген ведомствоның хабарламасында.

Бүлдіршін 2017 жылы туған.

Алдын ала мәлімет бойынша, баланың тамағына белгісіз зат тұрып қалған. Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр.

Бұл жағдай белгілі бола сала, оқиға орнына аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің жетекшісі жетті.

«Талғар ауданы әкімдігі қайғылы оқиғаға байланысты сәбидің ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

«Бүлдіршін» балабақшасы 2015 жылы ашылған. Қыз бала 2020 жылғы 8 желтоқсанда балабақшаға қабылданған»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік , 26 қараша күні балабақшада 4 жастағы қыздың қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.

Полицияның ақпаратына сәйкес, баланың тамағынан пластмасс зат табылған. Қазір іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.



Жоғары қарай