Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Талғат Мұсабаев авиациядағы оқиғаларды тексеруге қатысты ұсыныс айтты

2021 жылдың 22 сәуір 2021 13:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Талғат Мұсабаев Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында азаматтық авиация және ұшуды ұйымдастыру саласындағы қауіпсіздік мәселелерін қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор заң бойынша азаматтық авиацияда сертификаттау, қадағалау және бақылаумен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті айналысуы керек екенін атап өтті.

Алайда, бұл мемлекеттік функциялар іс жүзінде ішкі құжаттар негізінде шетелдік азамат басқаратын «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ коммерциялық компаниясына берілді.

Сенатордың пікірінше, аталған саладан өзін-өзі осылай шеттету фактісі мұндай мемлекеттік органның болу орындылығы туралы мәселені туындатады.

«Мәселенің шешімін заңды арнаға бағыттауды ұсынамыз. Азаматтық авиациядағы қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік функцияларды Азаматтық авиация комитетіне қайтару қажет деп санаймыз. Ал «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ құрылғандықтан, оған тек сертификаттау жөніндегі функцияларды қалдыру немесе оған коммерция субъектісі емес, барлық туындайтын заңнамалық салдары мен жауапкершілігі бар мемлекеттік орган мәртебесін беру, оған мемлекеттік функцияларды орындауды жүктеу қажет», – деп атап өтті сенатор.

Ол өзінің депутаттық сауалында авиациялық және азаматтық авиациядағы оқиғаларды тексеруді Төтенше жағдайлар министрлігіне немесе тәуелсіз халықаралық аймақтық тергеу органдарына беруді қарастыру қажет екенін айтты.


Жоғары қарай