Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Талғат Мұсабаев ғарыш саласындағы басты проблемаларды атады

2021 жылдың 11 сәуір 2021 13:25

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Байқоңыр қаласында адам баласының ғарышқа алғаш ұшуының 60 жылдығына арналған салтанатты кездесу өтті. Онда ҚР Парламент Сенатының депутаты, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев саладағы проблемаларды атап өтті. ҚазАқпарат бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мерейтолық шараға Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин, «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының басшысы Дмитрий Рогозин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, NASA әкімшісінің орынбасары Кеннет Бауэрскок, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев және басқалар қатысты.

Талғат Мұсабаев қазақтандық ғарыш саласының бастауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тұрғанын атап өтті. Себебі Н.Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылды. Депутат сонымен қатар адамның ғарышқа ұшуы – дүниежүзілік маңызы бар оқиға екеніне тоқталды. Ал осы оқиғаның Қазақстан жерінде болғаны – ерекше маңызды.

«Біз, қазақстандықтар, Байқоңырдың табысты жұмысы, бүкіл адамзаттың игілігі, ғарыштық жобалардың дамуы үшін ерекше мақтаныш пен жауапкершілік сезінеміз. Қазақстан ғарышты игерудің өзіндік күрделі жолымен жүріп келеді. Біздің еліміз экономиканың жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін секторы – ғарыш саласын дамытуда маңызды қадамдар жасады» - деді Талғат Мұсабаев.

Сенатор бүгінгі таңда Қазақстан ғарыш аппараттарының орбиталық топтарының екі жүйесін іске қосқанын айтып өтті. Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, «Бәйтерек» қазақстандық-ресейлік кәсіпорны және тағы өзге де мамандандырылған кәсіпорындар ашылды.

Алайда, сенатордың айтуынша, бұл салада проблемалар бар. Талғат Мұсабаев қазіргі таңда жоғары білікті мамандардан айрылу қаупі жоғары екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, бұрын құрылған ғарыш саласын басқару жүйесі, атап айтқанда кадрларды іріктеу және орналастыру жүйесі құлдырай бастады.

«Ғарыш саласының табысты жұмысының басты факторы туралы тағы да айтқым келеді. Бұл – адамдар, мамандар. Қазақстандық ғарыш саласын құрудағы барлық қиындықтардан бірге өткен әріптестерім, ғалымдар, ғарышқа ұмтылған жас мамандар болмаса, ештеңе де болмас еді», - деді Талғат Мұсабаев.

Сенатор 12 сәуір мерекесімен құттықтай келе: «Ғарыш күнінің мерейтойлық датасымен барлық әріптестерімді, ғарыш саласындағы әлемнің түкпір-түкпіріндегі достарымды, «Байқоңыр» ғарыш кешенінің тұрғындары мен мамандарын, ғарыш саласының қазақстандық қызметкерлері Тоқтар Әубәкіровті, Айдын Айымбетовті, әсіресе елімізде ғарышқа алғаш жол салған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты құттықтаймын», - деді.


Жоғары қарай