Ауа райы
Астана -26 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда 85 жастағы жүргізуші әжей 60 жылда бір де бір рет жол ережесін бұзбаған

2020 жылдың 26 қазан 2020 18:28

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанат Сүлейменов өңірдегі ең тәртіпті жүргізушімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лидия Александровна Сидоренко 85 жаста, жүргізуші стажы - 61 жыл. Әжейді жолда өзін тәртіпті ұстаудың нағыз үлгісі деп айтуға болады. Ол осы уақытқа дейін бір де бір мәрте жол ережесін бұзбаған.

Әжей осы уақытқа дейін барлығы 4 автомобиль жүргізген екен, алдымен «Москвич-8», кейіннен «Москвич - 2140» көлігі болған. Оны 1990 жылы ақшыл-сары түсті «ВАЗ-2106» -ға алмастырған. Ал 2011 жылдан бері «Волга» ГАЗ-24 көлігін әлі күнге дейін өзі жүргізіп келеді.

Жүргізуші куәлігін 1959 жылы Жамбыл қаласында алған әжей ешбір көлік ұйымында жұмыс істемеген. Ұзақ жылдар бойы облыстық тұтынушылар одағында еңбек еткен. Жергілікті полиция қызметі басқармасында Полиция департаментінің бастығы генерал-майор Жанат Сүлейменов Лидия Сидоренкомен кездесті. Басқарма ауласында қатарласып – «Волга», «Москвич», «Жигули» маркалы жеті ретромашиналар бой түзеген болатын. Олардың кейбірін Лидия Александровна өзі жүргізіп, жас қызметкерлерге көлік айдаудағы шеберлігін көрсетті.




«Көптеген жылдар бойы Қазақстан Республикасының заңдарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жоғары сана мен жауапты азаматтық позиция ұстанғаныңыз үшін Сізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Азаматтарымыздың арасында жүргізушілер тәртібін қалыптастыруға, нығайтуға қосқан үлесіңіз зор деп ойлаймын. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін», – деді Жанат Сүлейменов.

Генерал Лидия Сидоренкоға Алғыс хат, шоқ гүл және құнды сыйлық тапсыра отырып, ыстық ықыласын білдірді.

Өз кезегінде Лидия Сидоренко Полиция басшылығына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыс айтып, жүргізушілерге ақыл-кеңесін жеткізді.

«Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтаңыздар, жол үстінде жүргізуші ретінде бір-бірлеріңізді сыйлаңыздар. Әсіресе бұл жастарға қатысты. Сонда ғана тәртіп орнап, жол-көлік апаттары, қайғылы оқиғалар азаяды»,-деді әжей.























Автор Сая Сембай
Басты сөздер: Жамбыл облысы, Көлік, Заң,
Жоғары қарай