Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда алғашқы эндокринологиялық орталық ашылды

2020 жылдың 13 қараша 2020 22:11

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда Бүкіләлемдік қант диабеті дертімен күрес күніне орай «Almaz Medical Group» ЖШС Жамбыл филиалы базасында эндокринологиялық орталық ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталықтың салтанатты ашылуна танымал эндокринолог Лаура Даниярова және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қатысты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта әлемде қант диабетімен ауыратын пациенттердің саны - 415 миллион адамды құрайды. 2040 жылға қарай олардың саны - 642 миллион адамға дейін артуы мүмкін деген болжам бар.




«Жамбыл облысы бойынша ағымдағы жылдың қазан айындағы мәліметтерге сәйкес диспансерлік есепте диабетпен ауыратын 19250 тұрғын бар, оның ішінде 18000 ден астамы (95%) - 2 типті қант диабеті бар пациенттер. Соңғы 5 жыл ішінде онымен ауыратын азаматтардың саны жыл сайын - 6-8 пайызға артып келеді. Жылына орта есеппен 500 науқастың өліміне диабет ауруы себеп болуда»,-делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.




Облыста алғаш рет эндокринологиялық орталықтың ашылуы –аурудың алдын-алуға халықты шақыру, емделушілерге кеңестер беру, дерттің кейінгі және кері әсерлері туралы елді ақпараттандыру, «Диабет мектебінің» ықпалын кеңейту мақсатына негізделген.

«Орталық барлық аспаптық тексерулермен және зертханалық қызметтердің барлық спектрімен жабдықталған. Мұнда физиопроцедуралар мен медициналық оңалтуды қоса отырып, күндізгі және тәуліктік стационар жағдайларында емделуге, биопсияны диагностикалаудың инвазивті әдістерін жүргізіп, сүт, қалқанша безіне, ерлердің жыныс мүшелеріне және басқаларға хирургиялық араласулар жасауға да мүмкіншіліктер бар. Халыққа эндокринологиялық-консультациялық көмек көрсету бағытында қызмет ететін орталықта білікті де білімді мамандар еңбек етеді»,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, орталық ашылумен қатар осы күні «Almaz Medical Group» ЖШС Жамбыл филиалы базасында облыс эндокринологтарының конференциясы да өткізілді. Конференцияда «Қант диабетін емдеудегі инновациялық инсулинотерапия», «Covid-19 пандемиясы жағдайындағы қант диабеті» және «Жамбыл облысының эндокринологиялық қызметі» тақырыбында мәселелер талқыланды.





Жоғары қарай