Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Таразда көпбалалы аналар өз ауласын дезинфекциялап жатыр

2020 жылдың 25 наурыз 2020 14:56

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараздықтар «Өз аулам – өз денсаулығым» атты акция аясында өз ауласын дезинфекциялауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таразда коронавирус пандемиясына байланысты көпбалалы және аз қамтылған отбасылар өздерін және жақындарын қорғауға кірісті. Атап айтар болсақ, «Қарасу» мөлтек ауданындағы 180 пәтерлі жатақхана тұрғындары өздері тұратын тұрғын үйді дезинфекциялау бойынша акция өткізу бастамасын қолға алды. Олардың өтінішіне қалалық әкімдік қолдау білдірді.

Акция барысында көпбалалы аналарға қолғап, медициналық маскалар және дезинфекциялау құралдары тегін үлестірілді. Ал «Ақжүніс» қоғамдық бірлестігінің өкілдері көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне мыңнан астам медициналық маска таратты. Аналар жатақхананың барлық кіреберістері мен есіктерін, тұтқалар мен балалар ойын алаңшасын мұқият дезинфекциялады.




Тұрғындар аталған акцияны бір рет қана өткізіп қоймай, тұрақты түрде қолға алып, санитарлық жұмыстарды аптасына бірнеше рет жүргізуді жоспарлап отыр. Олар облыс орталығының барлық тұрғындарын осы игі бастаманы қолдауға әрі жалғастыруға, өз пәтерлері мен үйлерін қауіпсіздендіруге шақырады.




Айта кету керек, өңірде төрт мердігер компанияның күшімен адамдар көп жиналатын орындарда дезинфекция шаралары жүргізілуде. Күніне екі рет қоғамдық көлік пен аялдамалар дезинфекциялануда десек, мұндай жұмыстар «Ауыл береке», Орталық және «Қайқармет» базарларында да атқарылуда.


Жоғары қарай