Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Таразда коронавирустан сауыққандарға арналған алғашқы оңалту орталығы ашылды

2020 жылдың 21 тамыз 2020 08:38

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында коронавирус инфекциясынан емделіп шыққандарға арналған оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус науқастың ағзасына айтарлықтай зиян келтіреді. Пациенттің инфекциялық стационардан емделіп шығуы – денсаулығының толық қалпына келгенін білдірмейді. Дәрігерлердің өзі де COVID-19 дертінен өткен адамға медициналық оңалту қажеттігін айтады.

Осыған орай Тараз қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдарға арналған алғашқы оңалту орталығы ашылды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орталықты аралап, медициналық-оңалту көмегінің ұйымдастырылу жағдайымен, жабдықтармен танысып, ем алушылармен және медицина қызметкерлерімен кездесті.





«Орталық әртүрлі деңгейдегі ауруға шалдыққан науқастар үшін әрқашан ашық. Тәулік бойы ем алатындарға 120 орын дайындалған десек, бұдан бөлек біз пациенттерді амбулаториялық және күндізгі стационарға қабылдай аламыз. Біздің мекемеде облыс орталығы және аудан тұрғындары да оңалтудан өте алады», - дейді оңалту орталығының бас дәрігері Динара Кәрібаева.

Аймақ басшысы өңірдің әр түкпірінен келетін пациенттер үшін 120 төсектің қаншалықты жеткілікті екенін сұрады. Медицина қызметкерлері қолда бар төсек-орын жеткілікті деп сендірді, өйткені ауыр жағдайдағы аурулардан басқа, 200-ден астам адам орталықтың қызметін амбулаториялық негізде пайдалана алады.





«Реабилитологтар мен емханалардағы мамандар науқастарды бағыттау шкаласын және балдық жүйе бойынша емдеу қарқындылығының қажетті деңгейін анықтайды. Аурушаңдықтың сипаты осы көрсеткіштерге байланысты - амбулаториялық, күндізгі стационар немесе тәулік бойы орналастыру болып белгіленеді», - деп түсіндірді Д. Кәрібаева.

Орталық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда Қазақстан мен Литвада кәсіби даярлықтан өткен білікті дәрігерлер жұмыс істеуде. Жаңа орталықта 75 маман жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жұмысқа оннан астам тар бейінді мамандар тартылды, себебі COVID-19 - полиоргандық ауру.

Коронавируспен ауырған көптеген науқастарда әлсіздік, өкпенің зақымдалуына байланысты тыныс алудың қиыңдауы байқалады, бұл дене тіндерінде оттегі алмасуының бұзылуына әкеледі. Қалпына келтіру әртүрлі жолдармен жүреді.





«Медициналық оңалтудың міндеті - физиотерапия, емдік дене-шынықтыру және басқа дәстүрлі және альтернативті медицина көмегімен дененің бұзылған функциялары мен науқастың денсаулық жағдайын барынша қалпына келтіру. Мамандар тыныс алу жүйесін қалпына келтіру, ағзаның күйзеліске орнықтылығы, науқастардағы стрессті, мазасыздықты немесе депрессияны жеңу бағытында жұмыс жүргізуде», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов.

Алғашқы жұмыс күнінде-ақ орталық COVID-19-мен күресте зардап шеккен 30-дан астам медицина қызметкерін қабылдады.

Орталықта қолданылатын физиотерапиялық емдеудің түрлі әдістерінің көмегімен құрысу жойылып, ісіну азаяды, тіндердегі қабыну және аутоиммунды реакциялар төмендейді, адгезиялардың алдын алады.





«Өкпенің жұмысын жақсартатын тыныс алу жаттығулары арнайы жаңа құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылады. Ауыр жағдайдағы науқастар аса қатты зорықтырмайтын тренажерлермен шынығады. Науқасқа бөлінген уақыт оның ағымдағы жағдайына байланысты. Күніне орта есеппен 80-нен астам адам емдік денешынықтыру курсынан өте алады», - деді емдік денешынықтыру нұсқаушысы Ізімжан Кибиров.

Сонымен қатар, орталықта қабынуды басуға және тыныс алу қызметін жақсартуға арналған дәрі-дәрмектермен аэрозольді терапиясы қолданылады.

«Біздің жасап жатқан ісіміз уақыттың талаптарына жауап беруі керек. Оңалту тек коронавирус инфекциясынан кейін ғана емес, әрдайым жүргізілуі керек. Әр ауданда оңалту орталығының филиалдары ашылуы тиіс. Сондай-ақ, қазір біз коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындалып жатырмыз. Оның ағзаға әсерін зерттеуге, сондай-ақ кез келген жағдайға дайын болу үшін азаматтардың иммунитетін көтеруге уақыт бар», - деді Бердібек Сапарбаев.

Кәсіби қалпына келтіру шаралары аурудан және оның зардаптарынан толық айығудың кепілі болып табылады. Бұл оңалту орталығында коронавирустық инфекциядан қалпына келтіру шаралары – емдеу нәтижелерін бекітуге көмектеседі.





Бердібек Сапарбаев алдағы күндері оңалтудан өтуге ниеттілердің саны артатындығын, ең алдымен ауыр жағдайдағы науқастарға, дертен айыққан медицина қызметкерлері мен қосымша қауіпті аурулары бар адамдарға көмек көрсету керектігін айтып өтті.

Оңалтуға жолдаманы құрамына қоғам өкілдері енген арнайы құрылған комиссия береді. Мұнда пациенттер тек оңалту ғана емес, сонымен бірге психологиялық көмек алады.

Бердібек Сапарбаев орталықтағы ем алушыларды әңгімеге тартып, сауықтырудан өтіп жатқан медицина қызметкерлеріне жанқиярлық жұмыстары үшін алғысын айтты. Оларға мықты денсаулық және қатарға тез оралуын тіледі.





Жоғары қарай