Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Таразда соңғы қоңырау шарасы ерекше форматта өтті

2020 жылдың 26 мамыр 2020 01:01

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда ерекше форматта «Соңғы қоңырау - 2020» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс орталығындағы «Жастар аллеясында» өткен соңғы қоңырау барысында 6 автокөлік Ұлы ақын Абай Құнанбаев бейнеленген байрақты желбіретіп, 6 бағыт бойынша Тараз қаласын жүріп өтті.

Көлікте пәндік олимпиадалар, түрлі шығармашылық халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, «Жас ұлан» ұйымының белсенді көшбасшылары, республикалық «Жас патриоттар» академиясының мүшелері отырды.

Балалар ақынның поэзиясын, өлеңдерін, қара сөздерінен үзінділер оқып, әндерін орындады. Бұдан бөлек көліктерде дауыс күшейткіш арқылы «Соңғы қоңырау» мерекесіне арналған құттықтаулар, білім саласының жетістіктері айтылды.

Сондай-ақ, бұл күні әр сыныпта барлық оқушының қатысуымен онлайн соңғы қоңырау және сынып сағаттары өткізілді. Облыс әкімі Б.Сапарбаев жергілікті телеарнадан оқушыларды оқу жылының аяқталуымен және түлектерді мектеп бітіру імен құттықтады.




Айта кетейік, биылғы жылы Жамбыл облысы бойынша мектеп бітіргелі отырған 9 171 түлектің 78,3 пайызы (7 181 оқушы) ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш тапсырған. Оның ішінде 383 түлек - «Алтын белгіге» және 366 түлек - үздік аттестатқа үміткер.




«11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және соңғы қоңырау 3-4 маусымда өтеді. Мектеп бітіру кештерінде санитарлық талаптар мен қауіпсіздік нормалары сақталуы қажет. Іс-шара мектеп аумағында, ашық алаңда әр сынып үшін бөлек өткізіледі, уақыт аралығы - 20 минут. Әрбір түлекпен 1 не 2 ата-анасы қатыса алады. Оқушылар маскамен қамтамасыз етіліп, қашықтықты сақтауы керек. Оқушылардан мектеп немесе педагогтерге сыйлық жасау үшін қаражат жинау, автокөліктерді жалға алып, қала ішінде экскурсия жасау және мейрамхана, дәмхана, көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға тыйым салынады»,-дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова.











Автор Жанғазы Ахметов
Басты сөздер: Білім, Жамбыл облысы,
Жоғары қарай