Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тараздағы жәрмеңкеде өнімдер нарықтағыдан 10-20 пайыз төмен бағада саудаланды

2020 жылдың 27 қыркүйек 2020 10:17

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше сенбі күні Тараз қаласында кезекті рет жәрмеңке ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы тауарлары төмендетілген бағада жұртшылыққа ұсынылды.

Атап айтсақ, бұл күнгі жәрмеңке облыс орталығында Алатау шағын ауданында, Коммуналдық базар, «GRAND BAZAAR» сауда кешенінің алаңы және Қант зауыты ауданындағы аллеяда ұйымдастырылды. Онда қалалықтарға Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Талас, Қордай аудандары мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды.

Жалпы құны 121,6 млн теңге болатын 95 тонна өнім саудаланса, олар нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада сатылды. Оның ішінде 6,4 тонна ет, 1,2 тонна шұжық өнімдері, 2,2 тонна сүт өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 0,4 тонна кондитерлік өнімдер мен 1,5 тонна

макарон өнімдері, 0,1 тонна тұз, 2,3 тонна балық, 0,5 тонна бал және 75,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.





Облыс орталығының төрт жерінде өткізілген жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың болды. Тұтынушылар тарапынан ет, сүт және көкөніс өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Себебі, жәрмеңкеде жылқы еті 1900, сиыр еті 1800 теңгеден саудаланса, көкөніс өнімдері түрлеріне

қарай 40-100 теңге аралығында сатылды.

Жәрмеңкеге арнайы келіп, сөрелерді аралаған облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев тауарлардың сапасына баса назар аударып, қойылған бағалардың тұрақтылығын бақылады және тұтынушылармен тілдесіп, пікірлеріне құлақ асты.

Қала тұрғындары жәрмеңкені алдағы уақытта аталған шараны орталық алаңда өткізсе деген ұсыныстарын білдірді. Облыс әкімінің орынбасары бұл ұсыныстың алдағы уақытта ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде ескерілетіндігін жеткізді.

Айта кету керек, жәрмеңке қазан айының соңына дейін апта сайын әр сенбі күндері өткізілетін болады.


Жоғары қарай