Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендердің несиесі 3 ай кейінге шегеріледі

2022 жылдың 20 қаңтар 2022 17:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы банктер тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккендердің несиесін 3 ай кейінге шегереді. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде ТЖ енгізу салдарынан көптеген кәсіпкерлер, қарапайым азаматтар коммерциялық қызметін немесе жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Осыған байланысты олардың табысы төмендеді, кәсіпкерлік субъектілеріне айтарлықтай материалдық залал келді, енді бүлінген мүлікті жөндеуге, бизнестің қалыпты режимін қайтаруға уақыт қажет. Осыған байланысты біздің агенттік Президенттің тапсырмасы бойынша дереу банктермен, микроқаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізді және барлық кредиторлар үшін қарыз бен микрокредиттердің барлық түрлері бойынша кейінге қалдырудың бірыңғай тәртібін қабылдады. Кейінге шегеру барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғаларға ТЖ енгізілген күннен бастап үш айға беріледі», - деді Александр Терентьев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге шегеру кезеңінде барлық банктер және микроқаржы ұйымдары тұрақсыздық айыбының, айыппұлдың, өсімпұлдың сомасын есептемейді.

Одан бөлек, кредиттерді өтеу мерзімін өткізіп алу және кейінге шегеру қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлатуға, ол туралы кредиттік бюроға теріс ақпарат беруге негіз болмайды.

«Кейінге шегеруді алу үшін қарыз төлеуші кез келген қолжетімді байланыс тәсілімен немесе кредитордың бөлімшесіне жеке барып, еркін түрде өтініш жазуы қажет. Бұл өте икемді жұмыс, мұнда 2020-2021 жылдары берілген кейінге шегеру жолдары пайдаланылды», - деді Александр Терентьев.

Бұған дейін спикер тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындардың несиесі кешірілетінін айтқан еді.


Жоғары қарай