Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәуелсіздік құрдасы: Сардардың мемлекеттік тілді білуі өте маңызды

2021 жылдың 18 желтоқсан 2021 21:01

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Сардардың мемлекеттік тілді білуі өте маңызды. Тәуелсіздік құрдасы, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5517-әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон командирінің орынбасары, капитан Артем Рудницкий осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзінің айтуынша, Артем Иосифович 1991 жылы 24 қыркүйекте Петропавл қаласында дүниеге келген.

Осында ержетіп, мектеп бітірген. Ата-анасы әлі күнге дейін сол қалада тұрады. Артем әскери әулеттен емес, яғни ата-анасының оның мамандығына еш қатысы жоқ.

7 сыныпқа дейін озат оқушы болған. Мектеп бағдарламасы қиындай бастаған сәттен «төрт» деген бағалар араласа бастаған.

14 жасынан ата-анасына көмектесіп, құрылыста жұмыс істеді.

Жоғары сыныптарда әскери қару-жарақтарға, осы салаға қызыға бастады.

Мектепті тәмамдағаннан кейін бірден Ұлттық ұланның Петропавлдағы әскери институтына оқуға түсті.

Осы кезде казармалық жағдай, қатаң әскери тәртіпке бой үйретіп, тактикалық сабақ, саптық дайындық, теориялық пәндер мен емтихан тапсыру сынды сынақтардан өте білді.

-Әскерге дейін менде ер жігітке тән мінез, рухтың мықтылығы сияқты қасиеттер болды деп айта алмаймын. Мұның бәріне әскер немесе әскери оқу орнында дағдыланады екенсің. Шыдай алмағандар кетеді. Мысалы, біздің курста басында 147 жас болды, соның 113-і ғана диплом алды, - дейді Артем Рудницкий.

Оның пайымдауынша, офицер ең алдымен өз Отанын сүюі қажет. Сосын қиындықтардан тайсалмай, қандай ма жағдай болмасын, дүрбелеңге бой алдырмай, дұрыс шешім қабылдай білуі және ол үшін жауап беруден қорықпауы тиіс.

Әскери оқу орнын бітіргеннен кейін Артем лейтенант шенін алып, Оралдағы 5517-әскери бөліміне, автомобиль взводының командирі лауазымына тағайындалды. Ал 2014 жылы Атырау қаласындағы 5546-әскери бөліміне ауыстырылды. Міне, ол осы кезде қазақ тілінде сөйлей бастағанын қазір мақтанышпен еске түсіреді.

«Менің анам орыс, әкем поляк. Бастапқыда мемлекеттік тілді білмейтін едім. Атырауда барлық полкта тек екі адам ғана өзге ұлт өкілінен болды, сондықтан тілді үйренуге тура келді. Оқулықтар мен сөздіктерді пайдаланбай-ақ, маған сарбаздармен, офицерлермен және сержанттармен күнделікті өзара қарым-қатынас кезінде қазақ тілінде сөйлесу жеткілікті болды. Осылайша бір жылдан кейін мемлекеттік тілде еркін сөйлеп кеттім. Мұның жауынгерлермен тіл табысу үшін аса маңызды екендігін түсіндім», деді А.Рудницкий.

2016 жылы капитан Артем Рудницкийді 5517-әскери бөліміне батальон командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындау туралы бұйрық шықты. Бүгінде осы қызметін абыроймен атқарып келеді.

«Біз, Тәуелсіздік құрдастары, егемен елімізбен бірге қаз басып, есейіп келеміз. Алынбаған асу әлі көп. Соның ішінде өскелең ұрпақ санасында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік сезімін орнықтыру аса маңызды деп есептеймін», деп түйіндеді ойын А.Рудницкий.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тарихшы азаттық үшін алысқан ата-бабаларымыздың есімін ұмытпау парыз деп айтқан еді.

Сондай-ақ, Ұлттық ұлан жауынгерлері Тәуелсіздік туын биік ұстайтынын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай