Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәуелсіздік жылдары Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды - Президент

2021 жылдың 4 шілде 2021 19:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің арқасында ұзақ жылдар бойы халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының еңбектері лайықты бағасын алып, олардың есімдері қайта жаңғырып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Президент Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

«Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты, – деді Президент ашылу рәсімінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің арқасында ұзақ жылдар бойы халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының еңбектері лайықты бағасын алып, олардың есімдері қайта жаңғырып жатқанына тоқталды.

«Өкінішке қарай, түгелге жуығы халық жауы атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды. Бірақ, ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш» автономиясының 100 жылдығын атап өттік. Биыл Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды» , – деді Мемлекет басшысы.

Жоғары қарай