Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәуелсіздік жылдары тау-кен секторына қанша инвестиция салынды

2021 жылдың 19 желтоқсан 2021 10:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның басты байлықтарының бірі – ол пайдалы қазбалары. Әлемнің жетекші елдері ғалымдарының бағалауы бойынша Қазақстан табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы орын алады. Оның ішінде вольфрам қоры бойынша 1-орын, хром кені– 2-орын, қорғасын және мырыш – 5-орын, мыс – 12-орын, алтын бойынша 15-орын. Қазақстандағы негізгі пайдалы қазбалар қорларының жалпы құны 3 трлн АҚШ долларын құрады, ал олардың алынатын құны 2 трлн АҚШ долларынан асады.

Қазақстанда нарықтық экономикаға көшкеннен кейін бастапқыда экономикалық құлдырау байқалды, кейіннен ол елеулі өсіммен алмастырылды. Нақты ЖІӨ тұрақты бағада іс жүзінде орнықты. Бұл кезең өндіруші сектордың, атап айтқанда мұнай және тау-кен өнеркәсібінің өсіп келе жатқан табыстарына байланысты. Бүгінде өндіруші сектор Қазақстан жалпы ішкі өнімінің 30% - ға жуығын қамтамасыз етеді. Минералдық отынға экспорттық түсімдердің шамамен 60% -ы, ал қатты пайдалы қазбалар мен металдарға 22% -ы тиесілі.

Қазақстан Республикасының егемендікке ие болуымен, сондай-ақ нарықтық қатынастардың қалыптасуымен минералдық-шикізат кешенінің әлеуетін пайдаланудың түбегейлі жаңа саясатын әзірлеу қажеттілігі туындады. Бұл кезең белсенді заң шығару процесімен сипатталады. Осылайша, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық актілер қабылданды. 1992 жылы «Жер қойнауы және минералды ресурстарды кешенді өңдеу туралы» Кодекс, 1994 жылы «Инвестициялар туралы» Заң, 1995 жылы «Мұнай туралы» Заң, 1996 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Жарлық, 2010 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заң қабылданды.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы басты жетістіктердің бірі 2017 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында іске асырылған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің қабылдануы болды, ол посткеңестік кеңістікте алғаш рет тау-кен секторына австралиялық модельді енгізуді көздеді. Жаңа заңнамада саланы мемлекеттік реттеудің ашық және түсінікті әдістерін қамтамасыз етуде, геологиялық ақпаратқа қол жеткізуде, ұлттық стандарттарды әлемдік стандарттармен үйлестіруде үздік халықаралық тәжірибелер енгізілген. Бұл құжат геологиялық барлауға шетелдік инвесторларды тартуға одан да үлкен серпін жасауға бағытталған.

Жүргізілген саяси және құқықтық реформалардың, жаңа қаржы және экономикалық институттардың қалыптасуының нәтижесінде минералдық-шикізат базасын пайдаланудың әрі оның негізінде жоғары технологиялық өнеркәсіпті дамытудың неғұрлым жетілдірілген жүйесі құрылды. Белгілі бір саяси тұрақтылық, білімді адам ресурстарының болуы, жинақталған және тексерілген геологиялық ақпараттың үлкен көлемі, сондай-ақ құрылған либералды заңнамалық база елде қажетті инвестициялық ахуал құруға мүмкіндік берді. Осының барлығы елге елеулі халықаралық инвестициялар тартуға және жер қойнауы учаскелерінде жер қойнауын пайдалануға маңызды лицензиялар/келісімшарттар жасасуға ықпал етті.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда тау-кен секторында шамамен 189,2 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция (96,5 млрд доллар тау-кен өнеркәсібіне, 92,7 млрд доллар геологиялық барлауға) тартылды. Қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға инвестициялар жыл сайын 2 трлн теңге құрайды, оның ішінде ҒЗТКЖ 24 млрд-тан астам, әлеуметтік салаға 10 млрд-тан астам, қазақстандық кадрларды оқытуға 4,4 млрд теңгеден астам.


Жоғары қарай