Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Тәуелсіздікке 30 жыл: Теміржолдағы жобалар желіні оңтайландыруға мүмкіндік берді

2021 жылдың 19 желтоқсан 2021 23:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдарында елімізде теміржол және автомобиль көлігі салаларында бірқатар жобалар іске асырылды. Осы орайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұл бағыттардағы мәліметтерін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Отандық теміржол саласының ғасырдан астам тарихы бар. Осы кезеңде ол тек ел аумағында ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерлерде де жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру бойынша маңызды мемлекеттік міндеттерді қамтамасыз етті және орындауды жалғастыруда.

Соңғы жылдары сала айтарлықтай дамуға қол жеткізді: екі мың шақырымнан астам жаңа теміржол учаскелері салынды, көлік-логистикалық орталықтар жедел қарқынмен салынуда, отандық және шетелдік жүк жөнелтушілер үшін жаңа тартымды бағыттар құрылуда.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында мынадай теміржол желілері салынды:

– 2001 жылы ұзындығы 184 км «Ақсу-Дегелең» теміржол желісі салынды, ол Павлодарды Семеймен байланыстырды.

-2004 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған ұзындығы 402 км «Хромтау-Алтынсарин» т/ж желісі салынды.

– 2008 жылы Шығыс өңірінің бірыңғай теміржол инфрақұрылымын қалыптастырған ұзындығы 151 км «Шар – Өскемен» теміржол желісі салынды.

Жоғарыда көрсетілген желілер елдің теміржол желісін оңтайландыруға және Ресей Федерациясының шекарасын кесіп өту қажеттілігінсіз ел өңірлері арасында тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, 2012 жылы Қазақстанның батысынан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тікелей маршрутты қамтамасыз ететін ұзындығы 146 шақырым Өзен – Қазақстан Республикасының Түркіменстанмен мемлекеттік шекарасы теміржол желісі салынды.

Сонымен қатар дәл сол жылы ұзындығы 293 км «Жетіген – Қорғас» теміржол желісі салынды, ол ҚР транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 км қысқартуға мүмкіндік берді.

Ал 2015 жылы ұзындығы 214 шақырым «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол желісі салынды, ол Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге дейінгі қашықтықты 540 шақырым қысқартуға жағдай жасады.

2016 жылы ұзындығы 1036 шақырым болатын «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісі салынды, бұл Қытайдан Еуропаға дейінгі қашықтықты 1 200 шақырымға қысқартуға мүмкіндік берді.

2016 жылы ұзақтығы 14 шақырым «Боржақты – Ерсай» теміржол желісі де пайдалануға берілді. Ол Құрық перспективалық портын теміржол магистралімен байланыстырды.

Мұнымен қоса, 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзындығы 112 шақырым «Алматы-Шу» учаскесінде екінші жолдар салынды. Бұл желі жеткізу мерзімдерін қысқарту және тиісінше көлік шығыстарын азайту есебінен шетелдік жүк жөнелтушілер үшін қазақстандық бағыттың тартымдылығын арттырды.

Тәуелсіздік жылдары салынған теміржол қатынастары теміржол желісін оңтайландыруға мүмкіндік берді, осылайша жүк жөнелтушілер үшін көлік шығындарын айтарлықтай үнемдеді.

Автомобиль көлігі саласында

Теңізге шыға алмайтын ел ретінде Қазақстан үшін автомобиль көлігі Еуропа және Азия елдерімен сыртқы сауданы қамтамасыз етуде өте маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде Қазақстан өз серіктестерімен халықаралық автомобиль тасымалдары саласында 42 екіжақты үкіметаралық келісім жасасты. Нәтижесінде, қазір республикада халықаралық жүк тасымалдарын паркі 7,6 мыңға жуық автокөлік құралы бар 370 компания жүзеге асырады.

Автокөлік қызметтерінің халықаралық нарығындағы отандық тасымалдаушылардың үлесі 32 пайызды құрады. Оны арттыру мақсатында отандық тасымалдаушылардың мүдделерін ескере отырып, бланкілерді айырбастау квотасын белгілеу бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде.

Бұдан басқа, жолаушыларды тұрақты тасымалдау 2684 тұрақты маршрутта жүзеге асырылады, онда 15,3 мың автобус паркі бар 1 мыңға жуық тасымалдаушы жұмыс істейді.

Тұрақты маршруттардағы тозған автобустардың үлесі бүгінгі күні 46% - ға дейін төмендеді. Бұған қалалық автобустар паркін жаңарту кезінде қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдары отандық өндіріс автобустарын жеңілдікпен лизингке беру бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 57,2 млрд теңге бөлінді, оның есебінен 8 өңірде 1 618 автобус сатып алынды.

Атап айтқанда, хабарлама тәртібін енгізу ресми такси тасымалдаушыларының санын 5353-ке жеткізуге мүмкіндік берді.

Елімізде 38 автовокзал мен 113 автостанция жұмыс істейді, олар жергілікті атқарушы органдардың тізіліміне енгізілген.

«Ағымдағы жылы көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі тәжірибелік пайдалануға енгізілді, ол жүргізушілердің қағаз тасығыштағы көлік құжаттарын өзімен бірге алып жүру қажеттілігін болдырмай, тасымалдау рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Автокөлік саласын дамыту жөніндегі жұмыс, атап айтқанда, жолаушылар тасымалдарының сапасын арттыру бағытында, сондай-ақ Көлік қызметтерінің халықаралық нарығында отандық тасымалдаушылардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету бойынша жалғасатын болады», - деп аталып өткен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.


Жоғары қарай