Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Таяуда тұтынушылар энергиямен жабдықтаушы ұйымды онлайн ауыстыра алады – Бақытжан Ілияс

2021 жылдың 11 желтоқсан 2021 15:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асырушылар қатарына «КОРЭМ» АҚ да кіріп отыр. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында компанияның басқарма төрағасы Бақытжан Ілияс бұл істе өздеріне жүктелген міндеттер туралы мәлімет берді.

- Бақытжан Нассенұлы, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында «КОРЭМ» АҚ алдына қандай міндеттер қойылып отыр?

- ҚР Президентінің 2021 жылғы 7 қазандағы № 670 Жарлығымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде біздің негізгі міндеттеріміз «КОРЭМ» АҚ сауда алаңында электр энергиясын сату көлемін ұлғайтып, әрбір тұтынушынға жеке кабинетке өту арқылы электр энергиясын жеткізушіні ауыстыра алатындай цифрлық мүмкіндік бері.

Бұл цифрлық платформа электр энергиясының көтерме сауда нарығында да, бөлшек сауда нарығында да бәсекелестікті кешенді дамыту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Ұлттық жобаның негізгі мақсаттарын кәсіпкерлер мен ресурстар арасындағы кедергілерді қысқарту, ақпаратқа қол жеткізу арқылы орындауға болады.

«КОРЭМ» АҚ негізгі міндеті – заңнамалық норма енгізу арқылы 2022 жылдан бастап электрондық сауда алаңында сатылатын электр энергиясының көлемін ұлғайту, сол арқылы бәсекелестікті дамыту. Ал тұтынушыларға электр энергиясын жеткізушіні ауыстыру мүмкіндігін беретін платформаны енгізу жұмысы 2023 жылға қарай аяқталады деп жоспарланған.

Біз бұл міндеттерді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп атқаруға орындауға болады деп есептейміз.

- Қазақстанда электр энергиясының тапшылығына байланысты электр қуаты нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда?

- Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда электр энергиясы тапшылығының пайда болуына дата-майнинг объектілерінің электр энергиясын көптеп тұтынуы айтарлықтай әсер етті. Қытайда майнингке тыйым салынып еді, біздегі майнинг фермалардың саны күрт өсті.

ҚР Энергетика министрлігінің тапсырмасы бойынша «КОРЭМ» АҚ электр энергиясының көтерме нарықтағы импорты бойынша мемлекетаралық сауда-саттықты жүйелі өткізіп тұрады. Бұл негізінен дата-майнингпен айналысатын бизнес субъектілері үшін өткізіледі. Біз оларға «көтерме бағамен тұтынушы» мәртебесін алу және мемлекетаралық сауда-саттыққа қатысу мәселелері бойынша консультациялық-түсіндіру көмектерін ұсынамыз.

Бұл нарықта Ресей Федерациясының энергия өндіруші кәсіпорындары әлеуетті жеткізуші болып саналады. Энергетика министрлігі қазір электр көзіне заңсыз жалғанып алған «тасадағы» майининг компанияларды анықтап, қызметін тоқтату бойынша табысты жұмыс жүргізуде. Бұл шаралардың бәрі Қазақстанда электр энергиясының тапшылығын жоюға бағытталған.

- Кәсіпкерліктің дамуына электр энергиясы нарығын реттеу қалай әсер етіп отыр?

- Электр энергиясы нарығында реттеу бұрыннан бар екенін атап өткен жөн. Әсіресе бағаны реттеуге қатысты осылай деуге болады. Әрбір электр станциясына электр энергиясын босатудың шекті тарифтері белгіленген. Электр энергиясын беру табиғи монополия саласына жатады және мұнда тарифтер одан да қатаң реттеледі.

Монополияға қарсы орган қарапайым тұтынушыларға электр энергиясын жеткізуші ұйымдардың бағаларын нарықтағы үлесіне қарай белгілейді. Реттеудің арқасында бағаның өсуі тежеліп отыр. Бұл тиісінше қазақстандық кәсіпкерлерді кейбір салаларда сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті етеді.

Бірақ, баға тым қатаң реттелетін болса, өндірістік активтерді жаңғыртып, дамытуға қажет инвестиция тарту қиындайды. Өйткені тариф төмен болса, инвесторлардың қызығушылығы болмайды. Салған ақшасы табыс әкелетіндей тариф болғанда ғана олар ойлануы мүмкін. Осыған байланысты реттеу мәселесіне салмақты көзқарас қажет.

- Қазақстанда көміртегінің үлесі төмен энергетиканы дамыту бойынша қандай болжам айта аласыз?

- 26 мамырда өткен электр энергетикасын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы бұл жөнінде нақты тапсырма берді. Энергетика министрлігі «КОРЭМ»АҚ базасында электр энергетикасы саласындағы технологиялық құзыреттердің салалық орталығын құрды.

Қазір сол орталық Қазақстанның электр энергетикасы саласын 2060 жылға дейін дамытудың төмен көміртекті жолын әзірлеу бойынша Еуропа қайта құру және даму банкі, USAID Central Asia институтының халықаралық сарапшыларымен бірге жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ, Энергетика министрлігі мен «KEGOC» АҚ жобалау институтын тарта отырып, Қазақстанның 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімін әзірлеп жатыр. Жоспар бойынша, жоба келесі жылдың сәуір айына дейін дайын болуға тиіс.

Сондықтан қазір қандай да бір болжам айтуға әлі ерте.


Жоғары қарай