Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теміртау ЖЭО-дағы жаңа қазандық келесі жылы пайдалануға беріледі

2020 жылдың 30 қыркүйек 2020 12:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды. Барлық энергия көздерінде негізгі жөндеу жұмыстары аяқталып, стансалар штаттық режимде жұмыс істеуде. Отын қоры бар. Оны жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Инженерлік желілерде, оқшау қазандықтарды, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысандарды және көппәтерлі тұрғын үйлерді дайындау бойынша барлық жоспарланған жұмыстар аяқталды. Сыртқы ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты және маусымаралық ЖРВИ-мен сырқаттанудың артуына жол бермеу мақсатында биыл 25 қыркүйектен бастап облыстың солтүстік өңірлерінде жылыту маусымы басталды. Бүгінде жылуға 3 481 тұрғын үй және 775 әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық нысан қосылған», - деді өңір басшысы.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ауа райының қолайлы болуына байланысты облыстың оңтүстік өңірлерінде жылыту маусымы 1-15 қазан аралығында басталады.

«Министр көтерген мәселелер қатысты айтар болсам, Теміртау қаласының 2-жылу электр орталығына жаңа 7-ші қазандықты салу бойынша бүгінгі таңда қазандықтың құрылысына арналған алаң дайын. Подольск машина жасау зауыты 907 тонна көлемдегі қажетті жабдықтар мен металл құрылғыларының бір бөлігін жеткізді. Ал «АрселорМиталл Теміртау» қазандық жабдықтарын дайындау және қажетті тораптар мен агрегаттарды жеткізу жұмысын жандандыру үшін кобинат басшыларымен кездесу өткіздік. Жоспар бойынша келесі жылдың күзіне дейін жұмыстардың бәрі аяқталады. Екінші мәселе, көмірмен қамтамасыз ету қатысты өңірде көмір сататын 35 пункт бар. Автономды жылыту желілеріне 854 мың тонна және тұрмыстық қажеттілікке 558 мың тонна көмір жөнелтілді. Аталған нысандарға алдағы аптаның соңына дейін көмір толық көлемде жеткізіледі. Көмірдің орташа бағасы өткен жылдың деңгейінде қалды», - деді облыс әкімі.


Жоғары қарай