Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Теннис: Анна Данилина Сидней турнирінің финалына шықты

2022 жылдың 14 қаңтар 2022 11:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аяома – Ена Шибахарамен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда жетінші геймде Анна мен Беатрис брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте тай-брейкте жапониялықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:2).

Супер тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп 5:2 есебімен алда тұрғанымен, қарсыластарының таразы басын теңестіруіне жол берді. Дегенмен сосын екі мини-брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 10:6.

Анна мен Беатрис финалда германиялық Вивиан Хайзен – мажарстандық Панна Удвардимен бас жүлдені сарапқа салады.

Осылайша А.Данилина жұптық сында WTA 500 сериясындағы додаларда алғаш рет финалда бақ сынамақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Сидней турнирінің жартылай финалына шыққанын, Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакина мен Зарина Диястың өзара кездесетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Тимофей Скатов алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде бақ сынайды.





Перевод Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай