Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Бублик Astana Open турнирінде жеңіліп қалды

2020 жылдың 28 қазан 2020 19:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Доданың 6-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик алғашқы айналымда рейтингіде 209-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен шеберлік байқасты.

Бұл теннисшілердің осы айдағы екінші кездесуі еді. Бұдан бұрын биыл 23-ке толған А.Бублик Санкт-Петербург жарысының бірінші айналымында өзінен екі жас үлкен қарсыласын 2:6, 7:6 (7:2), 6:4 есебімен ұтқан-ды.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисші брейк жасап, 2:1 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынын жалғастыра алмай, есе жіберді – 3:6.

Екінші сет америкалық спортшының айқын басымдылығымен өтті – 6:2.

Матч барысында сылбыр қимылдаған А.Бублик қателікке жиі бой алдырды. Сөйтіп үмітті ақтамады.

Бәсеке 1 сағат 12 минутқа созылды.

Америкалық теннисші ширек финалға шығу үшін жарысқа арнайы шақырту арқылы қосылған, рейтингіде 103-сатыдағы италиялық Андреас Сеппимен таласады. Ол алғашқы айналымда ресейлік Аслан Карацевті 6:3, 1:6, 6:3 есебімен жолдан тайдырды.

Осылайша өз елімізде алғаш рет өтіп жатқан ATP 250 турнирінде жекелей сында Қазақстаннан Михаил Кукушкин ғана қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Astana Open турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.




Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай