Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Бублик Монте-Карло мастерс турнирінде жеңіліп қалды

2021 жылдың 13 сәуір 2021 19:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло (Монако) мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик жүлде қоры 2 млн еуродан асатын ірі доданың алғашқы айналымында әлемнің 53-ракеткасы, 34 жастағы франциялық Жереми Шардимен кездесті.

12 сәуір күні бірінші партияда есеп 5:4 болып, Ж.Шарди жеңіп жатқан мезетте жаңбырға байланысты матч кейінге қалдырылды.

Бүгін жалғасқан ойында әуелі франциялық теннисші басымдылық көрсетті – 6:4.

Екінші сетте қазақстандық спортшы қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Шешуші, үшінші партияда тәжірибелі француз жеңісті жұлып алды – 7:5.

Бәсеке 1 сағат 41 минутқа созылды.

Бұдан бұрын А.Бублик Майамидегі мастерс турнирінде барынша табысты өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жеткен болатын. Бұл жолы алғашқы айналымнан аса алмай қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогының топтық кезеңінде Қазақстанның Мадридте ойнайтынын жазған болатынбыз.



Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай