Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Дмитрий Попко Бразилиядағы турнирдің ширек финалына шықты

2020 жылдың 26 қараша 2020 00:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Сан-Паулу (Бразилия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 172-інші, осы турнирдің 5-ракеткасы Д.Попко алғашқы айналымда рейтингте 360-орында тұрған испаниялық Карлос Гомес-Эррерамен шеберлік байқасты.

Тартысты өтіп, екі сағатқа созылған матчта қазақстандық теннисші 6:3, 3:6, 6:1 есебімен басым түсті.

Д.Попко екінші айналымда эквадорлық Роберто Куироспен кездесті.

Қазақстандық спортшы рейтингте 295-орында тұрған қарсыласын 6:1, 6:1 есебімен оңай ұтты.

Д.Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 306-ракеткасы, бразилиялық Фелипе Мелигени Родригес Алвеспен таласады. Корт иесі екінші айналымда әлемнің 156-ыншы, доданың 3-ракеткасы, мысырлық Мохамед Сафватты 6:3, 7:6 (9:7) есебімен ұтып кетті.

Сан-Паулу жарысы 29 қарашада мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің жаңа рейтингте позицияларын жақсартқанын жазған болатынбыз.



Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай