Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінде ұтылып қалды

2020 жылдың 2 қазан 2020 00:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франция ашық чемпионатының 14-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингте 49-орында тұрған корт иесі Фиона Ферромен ойнайды.

Е.Рыбакина биыл 21-ге толса, қарсыласы одан екі жасқа үлкен еді.

Франциялық теннисші коронавирусқа байланысты орын алған үзілістен кейін бірде-бір кездесуінде жеңіліп көрген жоқ-ты. Соның ішінде тамыздағы Палермо WTA турнирінде жеңімпаз атанды.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы брейкпен алға шықты – 2:0. Әйтсе де Ф.Ферро қатарынан төрт геймге қол жеткізді – 4:2. Сосын тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасағанымен, қарсыласы сол бойда таразы басын теңестірді – 3:3. Дегенмен Елена қайта брейкпен бірге өз геймін алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Ақыры өзі доп бергенде, алғашқы сетпойнтын пайдалана білді – 6:4.

Үшінші, шешуші партия басында әуелі қазақстандық, сосын франциялық теннисші екі реттен брейк жасады – 2:2. Бұдан кейін Е.Рыбакинаның жиі қателескенін пайдаланған Ф.Ферро есепті 6:2-ге жеткізді.

Тартысты бәсеке 2 сағат 2 минутқа созылды.

Ф.Ферро үшінші айналымда рейтингте 58-сатыдағы румыниялық Патриция Мария Тигпен шеберлік байқасады.

Ол екінші айналымда америкалық Кристина Макхэйлді 6:4, 6:3 есебімен жолдан тайдырды.

Осылайша Ролан Гаррос жарысында Қазақстаннан ешкім қалмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Ролан Гаррос турнирінде ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.



Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай