Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Теннис: Елена Рыбакина Санкт-Петербург турнирінің финалында есе жіберді

2020 жылдың 16 ақпан 2020 21:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Санкт-Петербург WTA турнирінің финалында есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 8-ракеткасы, Нидерланды өкілі Кики Бертенспен күш сынасты.

К.Бертенс осы жарыстың өткен жылғы чемпионы болса, 20 жастағы Е.Рыбакинаның бұл WTA додаларындағы биылғы үшінші финалы еді. Шэньчжэньде (Қытай) қазақстандық теннисші финалда ресейлік Екатерина Александроваға есе жіберсе, Хобартта соңғы бәсекеде қытайлық Чжан Шуайды ұтып, жеңімпаз атанған еді. Е.Рыбакина өткен жылы шілдеде Бухаресте спорттық жолында алғаш рет WTA жарысында үздік шыққан еді. Дегенмен Санкт-Петербург додасы бұл үшеуінен бәсі жоғары, премьер деңгейіндегі турнир болып есептеледі.

Бұл жолы 28 жастағы К.Бертенс ойын тізгінін бірден қолға алды. Үш брейк жасаған тәжірибелі теннисші бірінші партияда айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екінші сетте Е.Рыбакина брейк-пойнттарын пайдалана алмаса, нидерландылық спортшы өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 3:1. Ақыры ол 1 сағат 14 минутқа созылған матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:3.

Е.Рыбакина финалда ұтылып қалғанына қарамастан, дүйсенбіде жаңартылатын рейтингте 19-орынға көтеріледі. Бұл қазақстандық қыздар үшін рекордтық көрсеткіш болмақ.

Қазақстандық теннисші енді тағы бір премьер турнир, жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын Дубай жарысында бақ сынайды. Онда алғашқы айналымда-ақ әлемнің 7-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының биылғы чемпионы, америкалық София Кенинмен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық Анна Данилина бүгін Дубай турнирі іріктеу сайыстарының жартылай финалында испаниялық Карла Суарес-Наварродан жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Санкт-Петербург турнирінің финалына шыққанын, А.Данилинаның Дубай турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.





Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай