Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Кукушкин мен Бублик Аустралия чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмады

2020 жылдың 21 қаңтар 2020 11:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 68-ракеткасы М.Кукушкин бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 133-орында тұрған аустралиялық Марк Полманспен кездесті.

Қазақстандық теннисші 32 жастағы тәжірибелі спортшы болса, қарсыласы одан тура 10 жасқа кіші еді.

Бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте аустралиялық теннисші брейк жасай білді – 6:4. Ол екінші сетте де таразы басын өзіне аудара алды – 6:3.

Үшінші партияда Михаил Кукушкин басымдылық танытты – 6:4.

Төртінші сетте М.Полманс брей к жасап, матчқа доп берді. Дегенмен қазақстандық теннисші қайыра брейк жасады – 5:5. Ақыры тай-брейкте қарсыласының матчболды пайдалануына мүмкіндік бермеді – 7:6 (10:8).

Бесінші, шешуші партияда есеп 2:2 болғанда, М.Кукушкин брейк жасай алды – 3:2. Әйтсе де қарсыласы қалыспады – 3:3. Сосын матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:4.

Аса тартысты бәсеке сағат 4 сағат 19 минутқа созылды.

М.Полманс екінші айналымда әлемнің 27-інші, осы жарыстың 24-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичпен кортқа шығады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик рейтингіде өзінен он саты төмен тұрған тағы бір аустралиялық Джордан Томпсонмен күш сынасты.

А.Бублик 2 сағат 21 минутқа созылған матчта қарсыласына 4:6, 3:6, 2:6 есебімен жол берді.

Д.Томпсон екінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, италиялық Фабио Фоньинимен шеберлік байқасады.

Өткен жылғы Аустралия біріншілігінде де М.Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмаса, А.Бублик қатыспаған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның әлемдік рейтингіде көтерілгенін, бүгін Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай