Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Теннис: Рыбакина US Open турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

2019 жылдың 20 тамыз 2019 01:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 67-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстарының 1-ракеткасы болып тіркелген 20 жасар Е.Рыбакина бастапқы кездесуін әлемдік рейтингте 457-орында тұрған америкалық Эмма Наварромен өткізді.

Бірден ойын тізгінін қолға алған қазақстандық теннисші 6:1, 6:1 есебімен қарсыласын оңай жеңді.

Бәсеке 49 минутқа созылды.

Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының жартылай финалында рейтингте 224-орындағы аустралиялық, 29 жасар тәжірибелі Арина Родионовамен (ол да бұрынғы ресейлік) шеберлік байқасады.

«Үлкен дулыға» турнирінің бірі – АҚШ-тың ашық чемпионаты 26 тамызда басталып, екі аптаға созылады. Бұл айтулы доданың ерлер арасындағы іріктеу сайысына Қазақстаннан рейтингте 225-орында тұрған Александр Недовесов қатысады. Оның қарсыласы – әлемнің 185-ракеткасы, португалиялық Жоао Домингеш.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Нью-Йоркта Бронкс турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады. Ол рейтингте 131-сатыдағы қытайлық Линь Чжудан 6:7 (2:7), 4:6 есебімен жеңіліп қалды.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 75-ракеткасы Александр Бублик Уинстон-Сейлемде рейтингте 67-орындағы италиялық Марко Чеккинатомен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцева мен Зарина Диястың Цинциннати турнирінің үшінші айналымына өте алмағанын жазған болатынбыз.


Перевод Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай