Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Теннис: Юлия Путинцева Словениядағы турнирдің финалына шыға алмады

2021 жылдың 18 қыркүйек 2021 21:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 2-ракеткасы Ю.Путинцева жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 87-орында тұрған италиялық Ясмин Паолинимен шеберлік байқасты.

Я.Паолини биыл АҚШ ашық чемпионатында қазақстандық Ярослава Шведованы жеңген болатын.

Бірінші партияда Ю.Путинцева айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екінші сетте италиялық спортшы брейк жасап, 2:1 есебімен алға шыққанымен, Юлия сол бойда таразы басын теңестірді. Алайда Паолини қайтадан күш алып кетті – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда италиялық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылығын пайдалана білді – 6:4.

2 сағат 15 минутқа созылған тартысты матч барысында Путинцева 8 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Қарсыласы 11 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды.

Я.Паолини финалда әлемнің 38-ракеткасы, америкалық Элисон Риске немесе рейтингте 103-сатыдағы словениялық Кая Юванның біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Словениядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын, Жібек Құламбаева мен Тимофей Скатовтың Қазақстанның абсолютті чемпиондары атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Astana Open ATP турнирінде қазақстандықтардың қарсыластары анықталды.






Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай