Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасағандарға қандай жаза қолданылады

2021 жылдың 20 қыркүйек 2021 13:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандар 14,5 млн теңге айыппұл төлейді. Бұл туралы ҚР ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке, яғни 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл төлеу немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған балалар қылмыстық жауапқа тартылады. Сондықтан мұны мектеп оқушылары білуі тиіс», - деді Дархан Разуев ІММ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар оның айтуынша, осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығындар өтелуі тиіс. Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды ата-анасы өтейді.

«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама – ол әзіл де, ермек те емес. Бұл қылмыстық жазаланатын әрекет екенін тағы да естеріңізге салғым келеді. Жалған хабарлама берілген уақыттан бастап аяқталған қылмыс болып есептеледі. Істерін істеп алып, кейін қанша өкінсе де, қаскөй қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды»,- деді департамент бастығының орынбасары.


Жоғары қарай