Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тіл комитеті заң бұзушылармен белсенді күресті бастады - Əділбек Қаба

2020 жылдың 25 қазан 2020 15:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тіл комитеті заң бұзушылармен белсенді күресті бастады. Бұл туралы әлеуметтік желіде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Əділбек Қаба жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талап күшейді.Тіл қорғандары барлық аймақтарда Тіл басқармаларымен бірлесіп қазақ тіліне қатысты заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу үшін белсенді күресті бастады. Мемлекеттік тілдің тазалығын, ұлтаралық қатынас тіліне айналуын талап етушілердің қатарында қазақша жақсы сөйлейтін орыс және өзге ұлт өкілдері жүргені – қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы рөлін атқара бастағанын байқатады», - деді Ә. Қаба.

Осы орайда ол атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бірінші, «Тіл қорғандары» онлайн еріктілер жұмыс тобының Жадынамасы жасалды. Ол заңгерлермен жан-жақты талқыланды. Сөйтіп, Тіл комитеті аймақтардағы облыс, қала, тіпті аудан деңгейіне дейінгі Тіл басқармаларының басын қосып, Жадынаманы таныстырды. Ол әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы да таныстырылатын болады.

«Екінші, осы Жадынама таныстырылған жиында барлық аймақтардағы Тіл басқармалары қоғам белсенділерін тарта отырып, тіл заңнамалары талаптарының бұзылуын тексеруді белсенді жүргізу мақсаты қойылған болатын. Осы апта ішінде Алматы қаласында, Атырау, Жамбыл, Қарағанды обылыстарында, басқа да өңірлерде белсенді тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтар анықталып, ескертулер жасалды, хаттама толтырылды, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Үшінші, «ТІЛ ҚОРҒАНЫ» телебағдарламасы ашылып, бүкіл республика бойынша рейдтерден репортаждар жасауы үшін арнайы кесте жасалды. Сондай-ақ әр облыста осы тәрізді тіл мәселелерін өткір көтеретін телебағдарлама ұйымдастыру мәселесі қойылды», - деп жазды комитет төрағасы.

«Тіл қорғаны» бағдарламасы «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.

«Төртінші, еліміздегі барлық мульфильм жасайтын компания басшыларын жинап, «Неліктен елімізде қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер аз?» деген тақырыпта кездесу өткіздім. Мұнда да мәселе өте көп. Ол туралы жаздым. Бұл салаға мемлекет ерекше көңіл бөліп, аямай ақша жұмсамаса балаларымыздың тілі бесіктен-ақ орысша шығатын болады. Осы және басқа да мәселелерін жинақтап, олардың пікір-ұсыныстары негізінде Хаттама қабылдап, құзырлы министрліктерге жібердік», - деді Әділбек Қаба.

Бесінші, еліміздегі танымал жас ақын, жазушылармен кездесу өткізілді. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетін көтеру, жалпы жас жазушылардың шығармашылығы мен түйіні шешілмей жатқан мәселелері талқыланды. Жас жазушылар да пікірлерін айтып, ұсыныстарын берді.

«Алтыншы, ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ онлайн еріктілер тобының жұмысы белсенді жүре бастады. Топ мүшелері әр аймақтан өздері көрген сауатсыз жарнамаларды, қате маңдайшалар мен жапсырмаларды суретке, видеоға түсіріп Топтың телеграм, инстагграм, фейсбук желілеріндегі акаунттарына жіберіп жатыр. Тіл комитеті бұл деректерді қарап, өңірлердегі тіл басқармаларына, әкімдер мен бизнес саласы басшыларына талап хат жолдады...», - деді комитет басшысы.


Жоғары қарай