Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тимофей Скатов Astana Open турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

2020 жылдың 27 қазан 2020 17:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Astana Open ATP 250 турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 438-орында тұрған 19 жастағы Т.Скатов жарысқа арнайы шақыртумен қосылған еді.

Қарсыласы, әлемнің 98-ракеткасы, 21 жастағы финляндиялық Эмил Руусувуори елордадағы іріктеу сайысында жеңімпаз атанғандардың бірі болатын.

Бірінші партияда фин спортшысы 3:0 есебімен алға кетті. Т.Скатов бір брейк жасап, есепті қысқартқанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Э.Руусувуори сетті тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Екінші сетте фин теннисшісі қазақстандыққа бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Э.Руусувуоридің айқын басымдылығымен өткен бәсеке 1 сағатқа созылды.

Сондай-ақ Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында турнирдің 2-ракеткасы болып тіркелген аустралиялықтар Макс Пёрселл мен Люк Сэвиллден 4:6, 4:6 есебімен жеңіліс тауып, алғашқы айналымнан аса алмады.

Осылайша өз елімізде өтіп жатқан жарыста қазақстандық теннисшілер сәтсіз ойнап, жарыс жолынан шығып қалып жатыр. Ендігі үміт Қазақстанның бірінші және екінші ракеткалары Александр Бублик пен Михаил Кукушкинде ғана. Бірінші айналымда А.Бублик америкалық Маккензи Макдональдпен, М.Кукушкин аргентиналық Федерико Дельбониспен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың тартысты матчта ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай