Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Тоқаев Ақтау мен Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруды тапсырды

2021 жылдың 22 қыркүйек 2021 20:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құру қажет. Бұл туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметкен сәйкес, Президент кеңес барысында өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жағдайын да назарынан тыс қалдырмады.

«Қала тұрғындарының саны өскен сайын электр қуатын тұтыну көлемі де арта түспек. Сондықтан әкімдік 2023 жылға дейін Ақтаудағы Ботаникалық бақтың маңына қосалқы электр станциясын салуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтау қаласын көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды талап етіп, облыс әкіміне ағаш отырғызу мәселесін шешуді тапсырды.

Бұдан бөлек Президент жергілікті экологиялық проблемаларға, соның ішінде «Қошқар Ата» қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге тоқталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл мерзім ішінде қалдық қоймасын қайта қалпына келтіруді және қалдық жиналатын толық инфрақұрылым қалыптастыруды, сондай-ақ қатты тұрмыс қалдықтарын нормативті талаптарға сай өңдеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі көлік-транзит әлеуетін дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Бұл ретте еліміздің теңіз порты арқылы өтетін транскаспий мультимодальді халықаралық жолының маңызы арта түседі. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруға және Қытайдан келетін экспорттық жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға тапсырма берді.


Жоғары қарай