Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Тоқаевтың Президент лауазымындағы 100 күні: Шетелдік сарапшылар не дейді

2019 жылдың 20 қыркүйек 2019 18:56

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әдетте Президент болып сайланған тұлғаның іс басындағы алғашқы 100 күні символдық кезең саналады. Дәл осы аралықта жаңадан сайланған Президент алдағы қызмет жолындағы саясатының негізгі бағыт-бағдарын түзеді. Ал осы жылдың 9 маусымында Қазақстан Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев өткен 100 күннің ішінде ішкі саясатта тың шешімдер қабылдап, экономиканы өрістетуге сеп болатын бастамалар көтеріп, сыртқы саясаттағы басымдықтарды да айқындап үлгерген еді. Мұны шетелдік сарапшылар да байқап отыр. «ҚазАқпарат» оқырмандарының назарына бірқатар шетелдік сарапшының Мемлекет басшысының Президент лауазымындағы 100 күніне қатысты ой-пікірлерін ұсынамыз.

Айталық, Әзербайжан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер инстититуының директоры Фархад Маммадов Қазақстан жаңа басшысының дамудың стратегиялық мақсаттарына сай бағыт-бағдарын қалыптастыратын негізгі қызмет бағыттарына тоқталады.

«Қазақстан Президентінің жыл сайынғы Жолдауы ішкі саясат тұрғысында айрықша оқиға болды. Сөзсіз адами факторды, сонымен қатар барынша бәсекеге қабілетті саяси кеңістікті құру шындыққа айналды. Президент сайлауының өзі және оған оппозиция өкілдерінің қатысуы, оппозиция кандидатына берілген 1,5 дауыс қоғамда өзгерістер мен реформаға сұраныстың бар екендігін паш етіп отыр. Қоғамдық сұранысқа сай Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратқа барынша тыңғылықты болу, халықтың ойын еркін жеткізуі мен талабына жағдай жасау пәрмені айқындалды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы негізгі тетікке айналды. Оның көмегімен билік пен қоғамдық сектордың қарым-қатынасына қосымша арна жолға қойылды. Ол жерде балама пікірлермен бастамалар көтеріледі. Қазақстан Президенті аталған органға өзі басшылық жасады. Бұл да билік тарапынан кеңеске үлкен мән берілетіндігін көрсетеді», - деп жазды ол.

Оның атап өтуінше, Арыс қаласында орын алған қайғылы оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін алғашқы сынаққа айналды. Мемлекет басшысының іс-әрекеті, ең бастысы қоғамды қайғылы оқиға орай ұйытып, қала халқына көмекті ұйымдастыра алуы Қазақстанның жаңа басшысы үшін азаматтардың мүдесінің қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді. Қасым-Жомарт Кемелұлының экономика саласындағы әлеуметке бағытталған шешімдері де таяу болашаққа екпін береді. Қоғамның әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобының қарыз жүктемесін төмендету Қазақстандағы мұндай бастамалардың алғашқы саналады. Және де ол Мемлекет басшысының кезекті шешімдерімен жалғасын табады.

«Сыртқы саясатта алғашқы 100 күн Қазақстанның халықаралық аренадағы жауапты әрі сенімді серіктес мәртебесін нығайту бойынша дәстүрлі саясатты жалғастыруымен есте қалды. Әзербайжан үшін де Қазақстанның дамып, дамыған мемлекетке айналуы маңызды. Көлік-коммуникациялық жобалар, тауар айналымының артуы, Каспийдегі кооперация екіжақты ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Әзербайжан үшін Қазақстанның ЕАЭО мен ҰҚШҰ сияқты ұйымдардағы рөлі мен пікірі де маңызды. Бұған қоса, осы жылы Әзербайжанда Түркі кеңесі басшыларының мерейтойлық саммитінің өтуі және Қазақстан Президентінің Әзербайжанға сапары күтіледі. Толықтай алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 100 күні бірінші президенттік мерзімдегі Қазақстан дамуының мынадай негізгі трендтерін айқындады: дамудың эволюциялығы, ойластырыған реформалар, қоғамдық қатысу, тиімділікті арттыру», - деп түйіндейді ойын әзербайжандық сарапшы.

Ал ресейлік сарапшы, Валдай клубының бағдарламалық директоры Тимофеи Бордачев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы ел саналатын Қазақстанның қазіргі уақытта күрделі әрі тартымды геосаяси жағдайда қалып отырғанын атап өтеді.

«Бұл жағдайдың күрделілігі – ынтымақтастықтың барынша кең халықаралық форматы аясында екі қуатты көршісінің әлеуетті институцияландыруға деген тұрақты сұранысының болуы. Тартымдылығы – Мәскеудің де, Бейжіңнің де өздеріне ортақ көршілігі бар елдің кезең-кезеңімен дамуына және сыртқы өңірлік ойыншылардың деструктивті ықпалына түсіп кетпеуіне мүдделілігі. Осы тұрғыдан алғанда жаңа мемлекет басшысының алғашқы айлары сенімге толы болды. Бұл таңқаларлық жайт емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – Мәскеу мемлекеттік шетел тілдері институтында білім алған тәжірибелі дипломат және екі елдің де стратегиялық мәдениетін терең танып білген көрнекті қытайтанушы», - деді ресейлік сарапшы.

Тағы бір ресейлік сарапшы, Орталық Азия мен Ауғанстан проблемаларын зерттеу орталығының директоры Андрей Казанцев Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскенге дейін Қазақстан қандай табыстарға жетті деген сауалға жауап беруге тырысады.

«Ең алдымен экономикалық саясаттағы табысы дау туғызбайды. Назарбаевтың экономика саласындағы саясат посткеңестік кеңістіктегі ең либералды әрі реформаторлық болған сияқты. Бұған қоса, бірде реформаторлық шаңына көміліп, енді бірде реформаға қарсы көшкен елдерге қарағанда бұл жерде барлығы да рет-ретімен, жүйелі әрі ұзақ уақыт бойы шегініссіз орын алды. Және бұл өз жемісін берді де. Қазақстан посткеңестік кеңістікте әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша Ресейден кейін 2-орынға, жан басына шаққанда шетел инвестициясын тартуда 1-орынға табан тіреді. Бұл инвестициялар көп дүниені жасауға мүмкіндік берді», - деді ол.

Андрей Казанцевтің атап өтуінше, мұнай мен газға бай өзге елдерге қарағанда Қазақстан мұнай-газ саласында да КСРО күйрегеннен кейін үлкен жетістікке қол жеткізіп отыр. Инфрақұрылымдық жобалар да қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Іргетасынан бастап қаланған Нұр-Сұлтан қаласы да тек қана Орталық Азия үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл посткеңестік кеңістік үшін жаһандану орталығына айналып келеді. «Болашақ» бағдарламасының арқасында шетелде білім алған жастардың жаңа буыны пайда болып, олар елде жүргізіліп жатқан реформаларды тереңдете түсуде.

Ресейлік сарапшы Тоқаев сайланған сәттегі Қазақстан басшысының екінші жетістігі ретінде сыртқы саясатты атайды. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясатының посткеңестік кеңістіктегі ең либералды екендігіне назар аудартады. Сыртқы саясаттағы либерализм – бұл бейбітшілікке ұмтылу, әлемнің барлық елдерімен, ең алдымен көрші мемлекеттермен позитивті экономикалық ынтымақтастық пен ықпалдастық екендігін атап өтеді.

Қазақстан жағдайында бұл – Еуразиялық экономикалық ықпалдастық, Қытаймен ынтымақтастықты дамыту, ЕО, АҚШ, Жапония, Үндістан, мұсылман елдерімен жақсы қарым қатынасты ұстану. Бұл - ұлттық қауіпсіздік қамтамасыз етудің, ұжымдық қауіпсіздік институттарын дамытудың әскери емес әдістеріне барынша басымдық беру. Мұның барлығын жасау жанжалдардың көптігімен сипаталатын Орталық Еуразиядағы күрделі геосаяси жағдайда өте күрделі еді. Дегенмен, Қазақстан басшылығы сыртқы саясаттағы мұнай балансты ұстап тұра алды және ол барлық негізгі серіктестермен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалды. Дәл осы салада Тоқаев Президент болып сайланбай тұрып-ақ өзінің күшті тұсын көрсеткен еді», - деді Андрей Казанцев.

Сонымен қатар ресейлік сарапшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып сайланған 100 күннің ішінде азаматтық қоғаммен диалогты дамыту және демократияландырумен байланысты ішкі саясаттағы жаңа саяси бағдарды қалыптастырғанын негізгі жетістігі ретінде атап өтеді.

Оңтүстіккореялық сарапшы Сангчол Ким Қазақстан Президенті елдегі ағымдық әлеуметтік процестерге оңтайлы басқаруды жүзеге асырып отырғанын айтады.

«Қазақстан елдің Тұңғыш Президентінің басшылығымен мемлекеттік дамудың бірінші деңгейіне жетіп отыр. Қазақстан дамуының бастапқы процесі кезеңінде қазақ немесе көшпелі толеранттылық негізде сапалы экономикалық дамуға табысты қол жеткізіп отыр. Осымен «Қазақ толеранттылығының» 1.0. нұсқасы аяқталды. Екінші Президенттің келуімен «Қазақ толеранттылығының» 2.0. нұсқа жаңартылуы талап етіледі және ол қазақстандық қоғамдастықтың сапалы дамуға ұмтылысының негізіне айналады», - деді ол.



Жоғары қарай