Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Токио-2020: Әбілхан Аманқұл бүгін бразилиялық боксшымен кездеседі

2021 жылдың 1 тамыз 2021 09:54

ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшы Әбілхан Аманқұл (75 келі) бүгін бразилиялық Эберт Соузамен қолғап түйістіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық боксшының қарсыласы осал емес. Эберт Соуза 1998 жылы дүниеге келген. Бүгінге дейін 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, сол жылы Панамерикан ойындарында күміс медальға қол жеткізді.

Ал Әбілхан Аманқұл 1997 жылы дүниеге келген. 2017 жылы әлем чемпионатында күміс, Азия чемпионатында қола жүлдегер болды. 2018 жылы Азия ойындарында екінші орын алды.

Қос боксшының жекпе-жегі сағат 15:18-де өтеді деп белгіленген.

Айта кетейік, Әбілхан бірінші іріктеу сатысына қатысқан жоқ. Екінші іріктеу сатысында өзбекстандық Фанат Кахрамоновты қапы қалдырып кетті.

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Әбілханнан өзге Сәкен Байбосынов (52 келі), Закир Сафиуллин (60 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жарысты жалғастыруда.

Ал Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) қарсыласына есе жіберіп қойды.

Қыздарда Надежда Рябец (75 келі) алғашқы кездесуде жеңіліп қалды.


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт, Олимпиада, Бокс,
Жоғары қарай