Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Токио-2020: Ольга Рыпакова финалдан тыс қалды

2021 жылдың 30 шілде 2021 17:25

ТОКИО. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында үш қарғып секіруде қазақстандық Ольга Рыпакова финалдан тыс қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Олимпиадада жеңіл атлетика сайысы басталды. Онда әйелдер арасында елімізден Ольга Рыпакова, Ирина Эктова мен Мария Овчинникова жарыс жолына шықты.

Алғашқы сайысында О. Рыпакованың көрсеткіші 13.66 болды. Одан кейін аталған көрсеткіш 13.69-ге жетті. Бұл – биылғы маусымдағы оның жоғары көрсеткіші.

Ал үшіншісінде өз көрсеткішін төмендетіп алды.

Осылайша О. Рыпакова финалға өткен 12 спортшының қатарына ене алған жоқ. Ирина Эктова мен Мария Овчинникова да жүлдеге таласатын тізімнен тыс қалды.

Аталған сайыс түрінен финал 1 тамызға белгіленген.

Ольга Рыпакова бұған дейінгі үш Олимпиадада да жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2008 жылы күміс, 2012 жылы алтын, 2016 жылы қола жүлдегер атанды.

Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілген.

Фото: пресс-служба НОК Казахстана, Владислав Семенов


Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Олимпиада, Спорт,
Жоғары қарай