Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Токио Олимпиадасы Қазақстанның спорттағы жүйелі проблемаларын ашып берді - Ерлан Саиров

2021 жылдың 1 қыркүйек 2021 17:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров спорт саласындағы жүйелі проблемаларды көтерді. Осы орайда ол Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Токиодағы Олимпиада ойындары Қазақстанның спорт саласындағы жүйелі проблемаларды ашып берді. Осыған байланысты, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің спорт саласының дамуына өзінің алаңдаушылығын білдірді. Біздің спорт саласында қарама-қайшылықтар өте көп! Кейбір спорт объектілеріне ағыл-тегіл қаржы бөлінген. Мысалы, Шучинскідегі таулы шаңғы трамплині нысанына 38 млрд теңге жұмсалған. Ал спорттық нәтиже жоқ. 2021 жылы жоғары жетістік спортына 47 млрд теңгеден астам бөлінсе, бұқаралық спорттың дамуына бар жоғы 2 млрд теңге бөлінген. Балалар мен жасөспірімдер мектептері мен жаттықтырушыларының материалдық-техникалық мүшкіл жағдайы, ел ішінде жасөспірімдер арасында жарыстардың болмауы, балалар мен жастар спортын қолдаудың жүйесінің жоқтығы спорт жетістерінің басты тежегіші», - деді Е. Саиров.

Оның пайымынша, спорт федерациясына басшы болған олигархтар спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес. Nur-Otan Фракциясы спорт саласын түбегейлі реформалау қажет деп есептейді. Қазақстанның спорт саласы еліміздің ішкі адами капиталын пайдалануға және дамытуға бағытталуы тиіс.

«Ауыл-аймақтарда балалардың жаппай спортпен айналысуына жағдай жасау керек, ол үшін мектебі бар барлық ауылдарда заман талабына сай спорт залдарын салу маңызды. Ауыл-аудан деңгейінде бала-жасөспірім спорт мектептерін қалыпқа келтіріп, олардың оқу-жаттығу әдістерін модернизация жасау қажет. Өңірлік әкімшіліктер облыстық бұқаралық спорт жарыстарын көптеп ұйымдастырып, жас жеткіншектерге жол ашатын жағдай жасаулары керек. Қазақстанда салынған ірі спорт кешендерінде балалар мен жасөспірімдерге баға өте қымбат болғандықтан дене шынықтыру, спортпен шұғылдана алмайды. Қарапайым халыққа, әсіресе балаларға бұл кешендердің есігі «тарс жабылған». Осы мәселені шұғыл шешу міндет!», - деді депутат.

«Жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыра отырып, әртүрлі озық халықаралық мектептермен тәжірибе алмасуды жолға қою маңызды. Шетте, басқа елдердің медаль қоржынын толтырып жүрген ұлттық жаттықтырушыларды елге қайтару - басты міндет. Барлық үнемделген қаржы Олимпиадалық спорт Федерацияларының материалдық-техникалық базасын жетілдіруге, жаттықтырушылардың моральдық, профессионалдық, материалдық деңгейін көтеруге, өз еліміздің жас спортшыларын тәрбиелеуге бағытталуы тиіс», - деді ол.


Жоғары қарай