Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Төлеген Қуанышев: Саясаттағы ақын - Фариза апайымның асыл бейнесі

2020 жылдың 29 мамыр 2020 13:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алған болатын. Тұңғыш Президент бұл туралы өз сөзінде: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын. Бүгінгі әңгіме де сол Мәңгілік ел аманатын абыроймен атқарған аңыз адам, абыз адам Фариза Оңғарсынова туралы. ҚР Парламенті Мәжілісі I шақырылымының депутаты, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Төлеген Қуанышевпен әйгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова туралы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

- Фариза апайымызбен депутат болған кезден бері араластыңыз ба?

- Адамның өмір жолында көптеген жан жүйелері мен бейнелері әр түрлі адамдардың кездесетіні анық. Соларды алғашқы көргендегі бейнесімен тигізген әсерлері өткен жылдарға қарамастан өзгермейтін тұлғалар болады. Менің санамда арада ширек ғасыр уақыт өтсе де адами болмысы ешбір өзгеріссіз қалған түлғалардың бірі – ол Фариза Оңғарсынова.

Фариза апаймен мен алғашқы рет Алматы қаласында таныстым. 1996 жылы ҚР Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, Сенат депутаттарымен бірлесіп өткізілген отырыстан кейін, алдын ала тағайындалып қойған кабинеттерге жайғасқан соң, әріптестеріміздің қай жерде қалай орналасқанын байқайын деп коридордың бойымен кабинеттерге кіріп азаматтармен жақын танысып шықтық. Сондай сәттердің бірінде бір кабинеттің есігіндегі алтын түсті әріппен жазылған Ф.Оңғарсынова деген тақтайшаны көзім шалды. Бұрын соңды Фариза апай туралы ол кісінің мінезінің ауырлығы және кім екендігіне қарамастан ойын тік, бетке тура айтатын адам екендігін еститінбіз. Сол ақпар бір мезгіл мені тоқтатып, ескертпей кіріп барғанымды қалай қабылдар екен деген күдігімнің болғаны рас. Нар тәуекел деп, бір екі рет терең демімді алып «апай сәлем бердік» деп кіріп бардым.

Жұмыс үстелінің жанындағы орындықта орналасып қолына жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының сүреттері мен қысқаша өмір деректері жазылған кітапшасын оқып отыр екен. «Жоғары шық, Марат Оспановтың жерлесі, атың Төлеген ғой» деп маған тік қарап сөзге тартты. Сол жерде танысып, елдің жағдайлары туралы біраз әңгіме дүкен құрып кабинеттерімізге қайтып бардық. Міне осы сәттен бастап ол кісі мені өзінің жақын інісіндей көріп, талай отбасымызда болған жақсылықтарымыз бен қиналған сәттерде бірге болды.

- Қазақстан Парламентінде өткізген төрт жылдың ішінде елдің талай тіршілігіне оң әсер ететін, кейбір жағдайларда сол кездегі халықтың берген бағалары бойынша оң ықпалын тигізетін шешімдердің басы-қасында болып, ол мәселелердің заң болып қабылдануына Сіздің де Ақтөбе өңірінен сайланған депутат ретінде үлесіңіз бар екендігі белгілі. Парламентке Үкімет тарапынан келіп түсетін заң жобаларын талқылап, қорытынды жасаумен қатар депутаттық мандатыңыз кезде есте қалған ерекше сәттерді еске алсақ. Тарихты тану соны көзбен көрген азаматтардың аузынан естумен құнды деген.

- 1999 жылы әдеттегідей қызметте отырғанда аяқ астынан «Депутаттарды Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов мырза шықырып жатыр» деген жедел хабар жетті. Залға жиналдық. Ойымызда ештеңе жоқ. «Бұл Төраға шұғыл түрде неге жинап жатыр?» екен деген сұрақ әрбір депутаттың көкейінде тұрғаны айтпаса да байқалып тұрды. Жиналыс басталған бойда Төраға сөз алып, ертең біздің отырысымызға жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келетіні туралы мәлімдеді. Сөз арасында регламентке сай Мәжілістің алдында өтетін депутаттық сауалдарды жасамау және Елбасына сұрақтарды қоймау туралы өтішін білдіріп, кешкісін Президенттің сайлануына байланысты ресми банкеттік қабылдау болатыны туралы хабарды жеткізді.

Қатысқан әріптестеріміздің көбі айтылған мәселелерді қабыл алып, сол жерде Төрағаның өтініші орындалатыны туралы келісімге келдік. Ертеңіне белгіленген уақытта барлығымыз бірлескен отырыс залына жиналып, мінбеге Ел Президенті Н.Назарбаев шығып, сайлау науқанында депутаттық корпус тарапынан көрсетілген қолдау мен көмек үшін өзінің жүрек жарды алғысын білдіріп, сол жерде отырған бәрімізге еліміздің даму жолындағы еңбектерімізге табыс тілеп, кеште болатын қабылдауына шақыратыны туралы ресми тұрғыдан жеткізді.

Президент төрдегі орнына отырған соң, Марат Оспанов мырза алдындағы микрофонын қосып, Елбасына Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші шақырылымның депутаттары атынан бүгінгі отырысқа келіп, өз алғыс сөздерін білдіргені үшін рақметін жеткізді. Мәжілістің жұмыс регламентінің талабына сәйкес «Депутаттар тарапынан сұрақтар бар ма?»- деп сұрады. «Сұрақтар жоқ болатын болса»,- дей бергенде, аты - жөніміз жазылатын төрдегі үлкен телеэкранда «Ф.Оңғарсынова» деген фамилия жарқ ете қалды. Төраға: «Сұрақтар жоқ болатын болса, бірлескен отырысымызды жабық деп жариялаймын», - дегені сол еді, Фариза апамыз орнынан түрегеліп, қолын көтеріп: «Менің микрофонымды қосыңыз!» деді. М.Оспанов мырзаның сасқалақтап: «Фариза апа, Сіз не айтқыңыз келеді?» деген сұрағына апамыз: «Не айтатынымда не шаруаң бар? Микрофонды қос немесе мінбеге шығамын»,- деп дауысын көтере сөйледі.

Микрофон амалсыздан қосылды. Өз сөзінде апамыз Президентті кезекті сайлауда жеңіске жетуіне байланысты құттықтап, ал енді алдағы уақыттағы қызметте ескерілетін үш сауалым бар деп өз сөзін былай жалғастырды. «Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте қыз балалар мен әйел азаматшалар жоқ деп баспасөз беттерінде жазылып та, айтылып та келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Талдап қарайтын болсақ, шынында да шешілмей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі екендігі, Үкіметтің құрамына көз жүгірткеннің өзі-ақ дәлелдеп береді. Бірінші сұрағым – осы мәселені оң шешуде қолбайлау болып жүрген кім? Екінші сұрағым. Қазіргі Үкіметтің құрамында бала-бажыр көбейіп кетті. Кеше ғана Америка еліндегі Бостон университетін үздік бітірді деп, бірде бір күн кәсіпорындарда қызмет жасамаған, бел ауыртып жұмыс жасау дегеннің не екенін білмейтін, аузындағы уызы кеппеген жас балаларды Үкіметтің құрамына енгізу, оларға басқа да атқарушы билік органдарды басқартып қою үлкен үрдіс алып бара жатқанын байқаудамыз. Қазіргі жастардың білімділігіне ешқандай күмән жоқ. Бірақ олар Астанада отырып алып жергілікті жердегі өнеркәсіпті қалай басқарады және оларға тиімді жұмыс жасау үшін қандай нұсқау бере алады? Менің ойымша, жоғарыда айтылған мемлекеттік лауазымды қызметке оларды алар алдында, мысалдап айтқанда, анау отырған Мәжіліс депутаты Әшімжан Ахметов бұрын қызмет жасаған Жамбылдағы фосфор өндіретін зауытқа екі-үш жылға жұмысқа жіберіп алып, сол қирап жатқан зауыттың жұмысын өнімді жолға қойса, зауыт қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін ойдағыдай шешсе, содан кейін барып республика деңгейіндегі қызметтерге ұсыныстар түссе, өз қара басым ондай жас мамандарды қолдап, екі қолымды көтерер едім. Менің айтарым, алдағы уақытта Үкімет құрамына тек қана теориясы емес, практикалық терең дайындығы бар азаматтарды баулуымыз керек. Осы қағидатты ұстанатын болсақ, біздер еліміздің жағдайын алға бастыра аламыз. Үшінші көтерейін деген мәселем мынау: Құрметті Президент мырза! Сіздің маңайыңызда және Президент Әкімшілігінде жаңа көзқарастағы білгір, сенімді мамандар көбірек болуы керек дегенді жөн деп санаймын. Олар кім дейтін болсақ, міне, мынау залда жүзге жуық Мәжіліс депутаттары отыр. Әрбіреуі кем дегенде жүз елу мыңнан астам сайлаушыларының аманатын арқалап, абыроймен еңбек жасап жүрген кәсіби мамандар. Бұл азаматтардың кәсіби дайындықтары ешкімнен артық болмаса, кем түспейтіндігіне менің сенімім мол. Олай болса алдағы уақытта сіздің жаныңызда осы ортадан азаматтардың болатындығына үміттімін»,- деп Фариза апамыз өз сөзін аяқтап, микрофонын өшірді.

Залда отырғандардың қимылы байқалмайды, қаңғалақтап ұшып жүрген шыбынның ызыңы естілуде. Залда тым-тырыс тыныштық орнап, барлығымыз не болар екен деп президиумға қарап қалдық. Көп ұзамай Президент микрофонын қосып: – «Фәке, айтылған мәселелердің барлығы орынды, алдағы жұмыста Сіздің көтерген сұрақтарыңызды ескереміз»,- деп қысқа қайырды.

- Иә, рас, мен ол кезде «Хабар» агенттігінің орталық Астана филиалының директоры едім. Сол Парламент Мәжілісінің отырысы есімізде. Архивте бейнетаспасы да сақталған шығар. Эфирге толық болмаса да мазмұнын толық ұсындық. Ол кездегі депутаттар кілең тарихи тау тұлғалар еді ғой. Фариза апамыз туралы біршама құнды деректер жинап жүр екенсіз. Сонымен депутат Оңғарсынованың осы сөзінің пәрмені қаншалықты болды. Соны тарқатып айтып берсеңіз.

- Сол салиқалы отырыстан кейін көп ұзамай, Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаты Зағипа Балиева бастаған төрт-бес азаматша Үкімет құрамына енгізіліп, енді үш-төртеуі мемлекет деңгейіндегі лауазымды қызметтерге тағайындалды. Сөйтіп, апамыздың айтқан бір ғана сөзі көптеген азаматшалардың қызмет бабында көтерілуіне түрткі болып, олардың жауапты қызметтерге тағайындалуына осылайша септігін тигізді. Қазіргі кезде мемлекет қызметіндегі бар жағдайды сол кездермен салыстырып қарасақ, әйел азаматшалардың саны мемлекеттік қызметте ерлерден асып түспесе, кем емес екендігін байқау қиын емес.

Осы жерде халық ақыны Фариза Оңғарсынова апаймен араласып, сол қарым - қатынас туысқандық байланыста сабақтасқандығын өзіме тарихы ерекше болған оқиғаға тоқталып кеткенді жөн көріп тұрмын.

- Бұл қызықты әңгіме әлқиссасы алдында оқырмандарыма өзіңізді қысқаша таныстырып өтейін. Педагогика ғылымының кандидаты, профессорсыз. Ресей Федерациясының педагогика ғылымының доценті, Ресей Федерациясының педагогикалық ғылым академиясының корреспондент мүшесіне сайландыңыз. 45-ке жуық ғылыми еңбектеріңіз жарық қөрген. Журанлистика саласы да жат емес, 1980-84 жылдары Ақтөбе облыстық телевидениесінің спорт коментаторы болыпсыз. Қазақстан Республикасының авторлық және сабақтас құқықтар жөніндегі агенттігінің шешімімен берілген екі меншік нысанының иегерісіз. Республикамызда 1999 жылы қабылданған ең алғашқы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының авторысыз. Енді дара жан Фариза апамыз туралы әңгімеге қайта оралайық.

- 1998 жылдың күз айында әдеттегідей ертеңіне болатын Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібін қарап шықтым. Үкіметтің депутаттарға қабылдауға ұсынған кейбір заң жобалары бойынша отырыста талқылау барысында сөз сөйлеймін деп жоспарлап, айтар ойымды қағазға түсіріп жатқанмын. Баяндамамды жазу барысында пайдаланған әдебиеттерді жинастырып, жардағы сағатқа қарасам, түнгі 12-ден ауған мезгіл болып қалыпты. Жатар төсегіме жете бергенде, үйдегі телефон шыр ете түсті. Телефон тұтқасын алғанымда, арғы жағынан: «Алло, бұл Төлегеннің үйі ме?» деген әйел адамның дауысы естілді. Сол бойда Фариза апай екенін біліп: «Апа, мен ғой, Төлегенмін» деген бойда: «Ай, Төлеген, сен не істеп жатырсың?» деген сұрақты қойып, мені біршама састырды. «Апа, ұйықтағалы жатырмын» деп едім, «Ой пәлі, сен мынау жасыңда ұйқышыл екенсің, апаң болса ертеңгі 60 жасқа толуына байланысты шешілуге тиісті шаралармен ақ тер, көк тер болып айналасуда, інілерім болса, ұйқыға дайындалып жатыр»,- деп мені бір түйреп қойды.




«Апа, жұмыстың соңында тойыңызды ұйымдастыратын комитеттің отырысы болып, барлық мәселелер өз шешімін тапты деген хабар естіген соң, үй-үйімізге тарқастық. Аяқ астынан туындаған ол қандай мәселелер?» - деп мен де Фариза апама қайыра сұрақ қойдым. Ол: «Салтанат сарайында болатын мерекелік салтанат кешін Иманғали інім асаба болып басқарады деген шешімге келгенбіз. Жаңа бір мезгілде Имаш телефон шалып, Ел Президентінің шұғыл тапсырмасымен жолсапарға кетуіне байланысты жүктелген қызметті атқара алмайтынын жеткізді»,- дей келе, хабарды естіген бойда маған шұғыл телефон шалып тұрғанының себебін осылайша түсіндірді.

Әдетте той басқарудың көптеген қыр-сырлары болатыны жасырын емес. Сол сәтте соның барлығын ой елегінен өткізе келе, сасқалақтап, той басқара алатын азаматтардың есімін атай жөнеліп едім, Фариза апам мені тоқтатты да: «Төлеген, 500 адам қатысатын тойды басқару оңай емес екенін білемін, ол шараның абыройлы өтуіне сол ортаны білетін, мен үшін жаны ашитын адам болуға тиісті деп санай келе, сен сол тойды басқарады деген шешім қабылдадым, ал соған дайын бол!»- деді. «Апа, менен де асқан сөзге шешен, дайындығы мол асабалар бар ғой, бір түнде ондай ауқымды шараға жан-жақты дайындалу мүмкін емес қой»,- деп айта бергенімде, апам телефонның тұтқасын қоя салды. Ал керек болса?! Қайтадан апайдың үйіндегі нөмеріне және қалта телефонына қоңырау шалсам, көтермеді. Содан не істерімді білмей, біраз уақыт өз-өзіме келе алмай, бөлмемдегі кітапханамның кітаптарына ұмтылдым. Ондағы ойым Фариза апайдың өлең жинақтарын алып оқып, соның негізінде шамамен өзім білетін, ертеңгі кеште сөз сөйлейтін қонақтарға лайықты өлең шумақтарын іздеп, олардың аттарын атаған кезде пайдалансам деп едім.

«Адам баласы керек кезінде тауды да қөпара алады» деген нақыл сөздің растығына сол тәулікте куә болдым. Олай дейтін себебім, 150 беттік Фариза апайдың «Қыз ғұмыр» атты өлең жинағын бір түнде оқып,

тек оқып қана қоймай, әр керек шумақтарын талдап, қойын кітапшама жазып шыққаныма әлі күнге дейін сенбеймін.

Ертеңіне Астанадағы Салтанат сарайында 500-ден астам адам жиналған мерекелік кешті әріптесім, бірінші шақырылымның депутаты болған Мырзакелді Кемел деген азаматпен бірге абыроймен өткізіп шықтық. Міне, апамыздың бізге деген сенімінің мол екеніне куә болып, болған жағдайды достарымыздың ортасында жиі мақтана айтып жүремін. Олай дейтін себебім, небір дүлдүл азаматтардың Халық ақынының мерейлі мерейтойын өткізуге қолдары жетпегенде, мұндай бақыттың біздің пешенемізге жазылғаны мен үшін үлкен мәртебе.

Фариза Оңғарсынова апамыздың 60 жасқа толған мерекелік

салтанатты кешіндегі көрініс.

Фариза апаға қатысты тағы бір сәтті осы жерде атап өтуді және оқырмандардың есіне жеткізуді жөн көрдім. Шамамен 1999 жылдың жаз айларында Ақтөбе қаласына Фариза Оңғарсынова келіп өзінің оқырмандарымен бірнеше кездесулер өткізеді екен деген хабарлама таратылды. Сол кездесулердің бірінде көпшіліктің арасынан айтыс ақыны, сөз шебері деп ұйымдастырушылар менің анам Ақжан Нұрпейісованы мінбеге қала тұрғындарының атынан сөз айтуға шақырыпты. Талай ақындық жолындағы сөз тартыстарында басынан өткерген және суырып салудың тәсілін игерген Ақжан анам құттықтау сөзін айта келе мынандай шумақ өлеңін Ф. Оңғарсыноваға арнап сол салиқалы кездесуде айтып берген.

САЯСАТТАҒЫ АҚЫН

Қош келдің! Фаризажан Ақтөбедей қаламызға,

Біздің де майталман ақындар бар арамызда.

Қазақтың ақын қызы келгенде ортамызға,

Думаннан қартайдым деп қаламыз ба?

Фариза құтты болсын мерей жасың,

Озып тұр қатарыңнан алтын басың.

«Қыз ғұмырдай» кітабің жақында жарық көрген

Оқығандар, қояды жерге ішкен асын.

Құрметпен өзіңізді қарсы алуға,

Жиналып келіп отыр кәрі жасың.

Бұл Ақтөбе қашаннан мақталған жер,

Ерлерімнің есімі жатталған жер.

Асыландай азамат ел басқарып,

Сеніммен мақтанышы ақталған жер.

«Кенқияқ» пен «Жаңа жол» аты шыққан,

Төсінен мұнай газын ақтарған жер.

Алиядай батыр қыз белін буып,

Қас дұшпанын женемін деп аттанған жер.

Ел басының жарлығы орындалып,

Ұлтаралық бірлігі сақталган жер.

Осылайша елімді мақтан еттім,

Бағасын Фаризажан енді өзің бер.

Гүл бітсін қадамыңа келген басып,

Ақындар жүрген шығар,

Жолыңа өлең-жырдан шашу шашып.

Шіркін-ай жақын барып қол алсам деп,

Отыр-ау құрбыларым болып ғашық.

Шабытың шалқи берсін қазақтың ақын қызы,

Көңілің жүрсін әр кез асып - тасып!

Зырылдап өтіп жатқан уақыт. 2014 жылдың 24 қаңтарында халықтың және ақындардың арасында сөз падишасы атанған Фариза апамыздың жүрегі тоқтады. Менің Фариза апам осындай адам еді. Сағынғанда мәңгілік ескерткіштей асылтасқа қашалған көшелі сөз, ордалы ойға толы өлеңдерін оқимын. Жүрегімде жатталып қалған ғажап жанды ғаламат ақынның «Сыр»деген дүниесін оқып берейін.


Елді ойламас ағаңның
оқ тілінен не пайда,
тамшы тамбас далаңның
от күнінен не пайда?

Бірлігі жоқ ұлыстың
көптігінен не пайда,
ұстары жоқ қылыштың
өткірінен не пайда?

Өз басынан аспайтын
азаматтан не пайда,
тасқа салсаң ақсайтын
қазан аттан не пайда?

Суарылмас семсерің
жарқылынан не пайда,
арта алмаса Ел сенім
жарқын ұлдан не пайда?

Бір-біріне от шашқан
ерлеріңнен не пайда,
құлқын үшін топтасқан
ездеріңнен не пайда?

Тыңдар құлақ болмаса
сөздеріңнен не пайда,
сертте тұрақ болмаса
төзгеніңнен не пайда?

Өресі жоқ ханзада
тақ мінгеннен не пайда,
қыран тұрып, қарғаға
бақ бергеннен не пайда?

Ошағыңда жылу жоқ –
ай көркіңнен не пайда?
Жан-әлемде тыным жоқ –
Ай мен Күннен не пайда?

Анаңның тілі – жанарың,
бабаңның жыры – жарағың,
татулық – таудай қамалың,
қасиетін қорғап даланың
қаламын десең Ел болып,
сөзіме ой сал, саналым!


Cыр мен жырға толы, ерекше құрмет пен ізеттілік ниеттегі әңгімеңізге рахметімді айтамын. Мұқағали Мақатаев жырында құрметтеген Фаризаны кейінгі ұрпағы ұмытпас үшін осындай ізгі сөздер толастамасын дейміз.



Автор Махат Садық
Басты сөздер: Әдебиет,
Жоғары қарай