Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Төрт мың жыл бұрын қола дәуірінде қолданылған күйме арбаның көшірмесі жасалды

2020 жылдың 8 қараша 2020 23:24

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда осыдан шамамен 4 мың жыл бұрын, қола дәуірінде қолданылған екі дөңгелекті күйме арба айнытпай жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күйменің көлемі, пішіні сол күйінде сақталған. Реконструкцияны тарих ғылымының кандидаты, археолог және шығыстанушы Виктор Новоженов пен «Қырым аралы» ғылыми-реставрация зертханасының жетекшісі, танымал суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жасаған.

Виктор Новоженовтың айтуынша, бұл оқиға осыдан 40 жыл бұрын, 1980 жылы басталған. Қарағанды университетінің экспедициясы Кент қалашығында қола дәуірінің қорғандарында қазба жұмысын жүргізген.

Соның бірінен күйме арбаның бөлшектері, атап айтқанда дөңгелектері мен шанағы табылған. Бұл - сол кезде қазып алынған жәдігерлердің ішінде ең жақсы сақталғаны еді.

«Мен осы күйме арбаны тазалап, консервация және реставрация жасауға қатыстым. Міне, сол кезде менде бір қызық арман пайда болды. Мүмкіндік болғанда адамзат өркениетінің енді қалыптасып келе жатқан кезінде, 4 мың жыл бұрын ата-бабамыз жасаған осынау көлікке мінсем деп армандадым. Сосын ұзақ жылдар оны зерттедім, шанақтың ұсақ-түйегін қалпына келтірдім, ат әбзелдерін, арбаның тиісті қаруы мен киімін, далада қолдану жайын зерделедім. Міне, кеше менің бала арманым орындалды. Біз жасаған күйме арба қазір ЮНЕСКО бастамасымен мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының скверінде тұр» деп жазады археолог Facebook парақшасында.

Алматылықтар мен қала қонақтары қола дәуірінің жәдігерімен суретке түсе алады.





Жоғары қарай